Қоғам

Үнді тауарларының жәрмеңкесі

Жарқ-жұрқ еткен киімдер, қына, білезік пен әрине, нағыз шай. Үндістан дегенде Болливудтан кейінгі ойымызға келетіні осылар. Тауарлардың барлығын бірдей жергілікті жерде табу оңай емес. Ендеше, теріскейліктердің құлағына алтын сырға! Петропавлда үнді тауарларының жәрмеңкесі қанат жайды. Көрме City Mall сауда ойын-сауық орталығында маусымның 2-сіне дейін жалғаспақ.

Алуан жанрдағы фильмдер, әдемі би мен түрлі-түсті бояулар. Үндістан халқының мәдениетімен барлық жұртшылық таныс. Ерекше атмосфераға еніп, өзіңді құдды бір Болливудта жүргендей сезіну мүмкіндігі теріскейліктер үшін туды. Бұл көрмені солтүстікқазақстандықтар 3 жыл бойы күтіпті. Үнді тауарларының жәрмеңкесі соңғы рет Петропавлда 2016-да болған екен. Сондықтан, шара туралы естіген жұртшылық бірден Сити Молл сауда ойын-сауық кешеніне ағылуда. Үндістанның мақтанышына айналған шай – міне! Мұнда оның 100-ге тарта түрі қойылған. Оларды дайындаудың әдісі де, ішу реті де әр түрлі екен. Келушілерге мұның қыр-сырын меңгерген Роза Хашимова айтып беруде.

Роза Хашимова, сатушы-консультант:

–  Жұртшылықтың сұранысына Нирвана шайы ие. Оның екі түрі бар. Жапырақтысы аса қою емес. Түйіршіктелгенін көбіне сүтпен ішеді. Бірақ, екеуін де ақ қоспай-ақ ішуге болады. Ал прия голдты мүлде сүтсіз қолданған жөн. Бағалары ойға қонымды. Бір келісі шамамен мың-мың жарым теңгеден бастау алады.

Күннің ыстығында да, суығында да шай ішетін қазақ халқы оның таңдауына бейжай қарамайды. Тауар аталымдары көп болғандықтан, келушілер бұл іске 15 минуттай уақытын жұмсауда. Тұрғындар шайдың пайдалы қасиеттерін сұрастырып, оны қолдануды нақтылап жатыр. Мәселен, сөреден қан қысымын жоғарылатуға не болмаса төмендетуге, кешқұрым демалуға арналғандарын табуға болады. Үндістанның бірнеше плантациясынан жиналған шайдың дәмі қазақстандықтарға жақсы таныс. Дегенмен, соңғы жылдары оны табу қиынға соқты дейді қала тұрғыны Ұлтай Жақтаева.

Ұлтай Жақтаева – қала тұрғыны:

– Қандай шай алсақ та, бұрынғы үнді шайларының дәміне жетпйді. Сондықтан, көрмеге арнайы соны алуға келдім. 0-38/53 Тағы аяқтың ауруына ем болатын дәрілік заттар бар екен. Солардан да алғым келеді.

Кари, даршын, куркума мен зира. Иісі мұрын жаратын дәмдеуіштер де бар мұнда. Сапасы жоғары, бағасы қалта қақпайды. Сатылымға сондай-ақ, дәрілік заттар мен косметика да қойылған.

Ангелина Мастрангулис – сатушы-консультант:

– Үндістан аюрведа өнімдерімен танымал. Яғни, ешбір химиялық қоспасыз жасалған тауарлар. Көрмеге осындай дәрілік заттарды қойдық. Әсіресе, артрит, артроз ауруларына ем болатын жақпа майлар көп. Бағасы өте қолжетімді. Тез әсер етеді. Бұдан бөлек, косметиканы да саудалаудамыз. Келгендер бетке арналған крем, маска, шашқа арналған сусабын, май, қына алып жатыр.

Келушілер сатылымға қойылған өнімдердің сапасына ешкім күмән келтірмейді. Қолөнер бұйымдары Джайпур қаласында жасалған екен. Сырға, білезік пен сақиналарды әр адам өз талғамына сай таңдай алады. Себебі, мұндағы ассортимент кең. Тағы жәрмеңкеде 100 пайыз табиғи өнімнен жасалған киім-кишек те бар. Көрме маусымның 2-сіне дейін жалғаспақ.

Эльмира Садвокасова