МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы

Елімізде тұрғындарға барлығы 752 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оның 83 пайызын азаматтарға арналған үкімет арқылы алуға болады.

Азаматтарға арналған үкімет 3 жыл бойы нәтижелі жұмыс істеп келеді. Мұндағы мемлекеттік қызметтердің 67 пайызын бүгінде электронды форматта алуға болады. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бұл көрсеткішті биыл – 80, ал 2020 жылы 90 процентке дейін жеткізу қажет. Бұл үйде, жұмыста отырып-ақ, қажетті қызметті алуға мүмкіндік береді. Дегенмен, халыққа қызмет көрсету орталықтарында әлі күнге дейін ұзын-сонар кезек. Сондықтан, қазір Мәжілісте арнайы заң жобасына өзгерістер енгізілмек. Жаңашылдықтарды қабылдамас бұрын парламенттің бір топ депутаты бүгін арнайы тұрғындармен жүздесуге келіпті.

Майра Айсина – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қазіргі таңда халыққа қызмет көрсетудің проактивті түрін енгізіп жатырмыз. Бұрындары халық қызметті алуға өздері барса, қазір корпорация өзі береді деуге болады. Мәселен, бала туғанда 5 құжатты рәсімдеу қажет.

Ал қазір олардың барлығын бар болғаны смс-хабарлама арқылы рәсімдеуге болады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында орын алып жатқан өзгерістер мол. Бастысы, барлығы азаматтардың ыңғайлылығы үшін жасалуда. Бұл ретте тұрғындар мамандардың жұмысына мін тақпайды.

Мария Баканова – қала тұрғыны:

– Үйде де, жұмыста да қажет болса мемлекеттік қызметтерді электронды түрде аламын. Өте ыңғайлы. Алдағы уақытта олардың қатары көбейетіні көңіл қуантады.

Кейін мәжілісмендер халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Мұнда есту кемістігі бар жандар үшін арнайы бағдарлама орнатылған. Осылайша, азамат компьютердің көмегімен қажетті электрондық қызметті ала алады екен. Сондай-ақ, депутаттарға conection point аймағының жұмысы да көрсетілді.

 

Эльмира Садвокасова