Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге заманауи дәне сепкіш әкелінді

Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылық тәжірибе станциясына су жаңа дән еккіш әкелінді. Заман игілігі С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ғалымдарының бастамасымен сонау Австрия елінде жасалыпты. Техника топырақты өңдейді, танапты тегістеп, тұқымды бірдей тереңдікке себебі. Ал минералды тыңайтқышты қажеттілікке қарай сіңіреді. Бұдан да басқа артықшылықтары жетіп жатыр.

Еуропа мен Қазақстанның жерінде айырмашылық бар. Батыс елдеріндегі танаптар тегіс болса, біздегі алқаптар бірдей емес екен. Осының салдарынан дән әр түрлі тереңдікке егіледі. Нәтижесінде өсімдік де түрлі биіктікте бой көтереді. Бұл мәселені реттеу үшін С.Сейфулин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары австриялық мамандармен әріптестік орнатыпты. Арадағы келіссөздер бірлескен жобаға алып келді. Аталған мемлекеттің өкілдері өз зауыттарында отандастарымыздың нұсқауымен мынандай әмбебап тұқым сепкіш әзірлеген. Бүгін бұл жаңашылдық өңірімізге жеткізіліп отыр. Оны теріскейлік диқандар сынап көрмек.

Мүбәрәк Әдуов – С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ профессоры, техника ғылымдарының докторы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Бұл сепкіштің ерекшелігі – топырақтың бетін тегістеп, тұқымды бірдей орналастыруға мүмкіндік береді. Және қатар аралықта минералды тыңайтқыш енгізеді.

Минералды тыңайтқышты да жаңашыл әдіс бойынша сіңіреді. Ол цифрландырылған алқаптарды электронды түрде қадағалап, пайдалы дүниені танаптың қажеттілігіне сай шашады. Яғни, автоматты түрде белгілі бір аумаққа көп, екінші учаскеге аз бөледі. Нәтижесінде тыңайтқыш үнемделеді. Тағы, техника бұрынғы сепкіштер сияқты алқапты түгел өңдемейді. Тек дән егілетін жолақты ғана қопсытады. Мұның да өз пайдасы бар.

Мүбәрәк Әдуов – С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ профессоры, техника ғылымдарының докторы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Сіңіргіш себудің алдында өтетін өңдеу тереңдігі және оның алым ені кішкентай болғандықтан, жанар-жанармайды өте жақсы үнемдейді. Және танап бетінде жатқан өсімдік қалдықтарын өте жақсы кесіп, тазалап кетеді.

Енді, сепкіш Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылық тәжірибе станциясында сыналады. Мамандар 800 гектар аумаққа дәнді және майлы дақылдардың тұқымын егіп, техниканы байқап көрмекші. Егер де көңілден шығып жатса Австриядан қажетті данада сатып алу жоспарланып отыр. Агрегат құны 160 мың еуроны құрайды.

Белгібай Қанафин – “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– Бізде заманауи дән сепкіштердің бірнеше түрі бар. Енді, олардың қатарына мына техника қосылып отыр. Бұл жаңашылдықпен дәнді тура себуге болады екен. Осының арқасында ылғал қорын үнемдей аламыз. Мұның бәрін қараймыз, зерттейміз. Кейін, өз бағамызды береміз.

ҚазАТУ ұжымы мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта білім ордасының өкілдері Австрияға жол тартып, сепкіш шығарылған Пёттингер фирмасында біліктіліктерін арттырмақ. Оған қоса, аталған компаниямен 2020-2021 жылдары ылғалды көп сақтайтын, минералды тыңайтқышты тұқымның астына сіңіретін тағы бір заманауи дән себу техникасы жасалатын болады.

 

 

Култанов Байболат