Өнеркәсіп

Киров атындағы зауыт жаңғыртылуда

2 млрд 200 млн теңге. Осынша қаржыға Киров атындағы зауытқа жаңа қондырғылар сатып алынды. Бұл жабдықтардың көмегімен енді кәсіпорында көпқабатты баспа платалары шығарылатын болады. Нарықта аталған өнімге деген сұраныс жоғары.

Міне, зауыт сатып алған жаңа қондырғылардың алғашқы ондығы. Әзірге, олар қорапта, қоймада сақтаулы тұр. Бұдан өзге маусымның аяғына дейін Ресейден дәл осындай тағы 18-і жеткізілуі тиіс. Қондырғылар көпқабатты баспа платаларын өндіруге мүмкіндік береді. Мұндай платалар түрлі замануи, күрделі электрондық және байланыс құрылғыларын жасауда қолданылады екен.

Александр Криволапов, “С.М. Киров атындағы зауыт” АҚ өндіріс басшысы:

– Барлығы 28 қондырғы келуі тиіс. Бәрін орнатқан соң, маусымда жұмысшыларымызға оларды пайдалануды үйретуді бастаймыз. Қондырғыларды қыркүйек айында жаңғырту жұмыстарын аяқтағаннан кейін іске қосамыз. Бұның нәтижесінде өндірістік қуатымыз артады, шығарылатын тауарлардың аталымдары көбейеді.

Жаңа техника орнатылатын орын да дайын тұр. Қондырғыларды сатып алуға Киров атындағы зауыт басшылығы 2,2 млрд теңге жұмсап отыр. Қомақты сома қайдан алынды? Оны жергілікті билік Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспары аясында бөлген. Киров атындағы зауыт – өңірдегі ең ірі өндіріс ошақтарының бірі. Мұнда 700-ге тарта адам жұмыс істейді. Өткен жылы зауытта 4 млрд теңгенің өнімі шығарылған. Биылғы меже – 7 млрд.

Мәди Бектенов, “С.М. Киров атындағы зауыт” АҚ сату департаментінің директоры:

– Ең алдымен біз Қорғаныс министрлігіне керекті құрал-жабдықтарды жасаймыз. Сонымен қатар, байланыс құралдарын, радиостанцияларды өндіреміз. Келесі сала – ол мұнай-кен өндіру саласында қолданылатын қорғау шкафтары. Зауытта 100-ден астам бұйым түрі шығарылады.

Кәсіпорындағы мұндай ауқымды жаңғырту жұмыстары “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында қолға алынып отыр. Себебі, көпқабатты баспа платалары нарықта қазір үлкен сұранысқа ие. Жаңа қондырғылардың арқасында солтүстікқазақстандық платаларға алыс-жақын шетелде сұраныс артпақ. Одан өзге, ішкі қажеттілік те жабылады.

Саят Ермек