Балалар

“Бала тілі – бал” байқауы өтті

«Бала тілі – бал». Осындай атаумен балабақша бүлдіршіндері арасында облыстық байқау өтті. Онда жеткіншектер тақпақ айтып, ән шырқады әрі ертегілердің сахналық үлгісін көрсетуден сайысты.

Сахнада – жұлдыздай жарқырап, өнер көрсетіп жүрген «Ақ бота» балабақшасының бөбектері. Олар сайыс ережесіне сай өздерін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде таныстырып, ән шырқауда. Солар бірі – Айлин Жұмағазина. Балақай жуырда 5-ке толған екен. Ол өскенде мұғалім болуды армандайтынын айтты.

Айлин Жұмағазина – «Ақ бота» бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушісі:

– Мен бүгін «Балабақшам, арайлым» әнін айтамын. Маған конкурсқа қатысқан ұнайды. Өйткені, мұнда жаңа достар таптым.

Байқауға барлығы 6 балабақшадан жиылған өнерлі бүлдіршіндер қатысты. Олар ең алдымен өздерін таныстырып, ән шырқады, ертегілердің сахналық үлгісі мен ұлттық салт-дәстүрден үзінді көрсетті. Всеволод Пережигин байқауға алғаш рет қатысып жатыр. Балдырған «Ақ көгершін» балабақшасына барып жүр.

Всеволод Пережигин – «Ақ көгершін» бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушісі:

– Қазақстанның жерінде,
Қызылжардың төрінде,
“Ақ көгершін” деген бақша бар.
Шәжімбаев көшесінде.
Балабақшам – базарлы үй,
Қаладағы ажарлы үй.
Күлкісі бар шуақты,
Өз үйіміз сияқты.

«Бала тілі – бал» облыстық байқауы осымен 4-рет өткізіліп жатыр. Биылғы конкурсқа бөбектердің тыңғылықты дайындалып келгендері – жетекші мен ата-ананың арқасы. Ұйымдастырушылардың сөзінше тілі былдырлап тұрған сәбилердің өнерін бағалау әсте оңай емес екен.

Әсем Сүлейменова – СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы:

– Бұл байқаудың негізгі мақсаты – тәрбие беру арқылы балалардың бойында Отанды сүюге, бір-бірін сыйлай білу мен тыңдай білуге, сахнаға шығып өз өнерін көрсетуге үйрету. Ол – негізінен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында өткізіліп жатқан байқау. Сонымен қатар, орыс және ағылшын тілдерін де ұмытқан жоқпыз.

Байқау соңында үздік командаларға бағалы сыйлықтар, тәттілер мен жеміс-жидектер тарту етіледі.

 

 

Маржан Касымбек