Денсаулық сақтау

Сақ болыңыз, кене!

Сақ болыңыз, кене! Соңғы 1 жарым айда аталған қауіпті жәндік 100-ге тарта жерлесімізді шағып алған. Бұл уақытта олар аса белсенді. Кішкентай зиянкестің денеге қайдан және қалай өрмелеп шыққанын бірден сезіп қалу да екіталай.

Кене. Қауіпті, төзімді, тойымсыз қансорғыш. Бұл өрмекшітектес жәндік бәрімізге жақсы таныс. Сәуір мен мамыр айларында әрі жаздың аяғы мен күздің басында олар аса белсенді. Жылы күнде, табиғат аясында серуен құрып, тынығып жүрген жанның денесіне зиянкес жабысып, аямай шағуы әбден мүмкін. Фактілер жоқ емес, бар.

Гүлнәр Аждарова – облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы:

– Сәуір айының басынан бері 96 солтүстікқазақстандықты кене шағып алған. Олардың 40-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Соңғы бір апта ішінде мұндай фактілер шамамен 2 жарым есеге артты.

Саят Ермек – тілші:

– Кей мәліметтер бойынша кене 40 мыңнан астам аурудың тасымалдаушысы саналады. Ең көп тарағаны – боррелиоз бен энцефалит. Соңғысы аса қауіпті. Егер энцефалит тасымалдаушы жәндік шағып алса, салдарынан адам мүгедек боп қалуы, тіпті өмірімен қош айтысуы мүмкін.

Өткен жылы энцефалитті жәндіктен 3 жерлесіміз жұқтырыпты. Бәрі дәрігерге уақытылы жүгініп, емделіп шыққан. Ал биылғы жылы М.Жұмабаев ауданының ақ халаттылары бір азаматтан аталған дерт табылды деп күдіктенген екен. Абырой болғанда, зертханалық сараптамалар диганозды жоққа шығарды. Міне, кішкентай қансорғыштар – зертханада. Олар қандай да бір аурудың тасымалдаушысы болып санала ма? Оның бәрі осында тексеріледі.

Зергүл Сұлтанова – облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі:

– Бүгінге дейін адамдардың денелерінен табылған 23 жәндікке сараптама жүргіздік. Нәтижесінде, бірде-бір кене энцефалит пен боррелиоз тасымалдаушысы болмай шықты. Сараптама жүргізу үшін біз кене шаққан адамның қаны мен жұлын-ми сұйықтығын аламыз. Шаққан жәндіктің өзін де зерттейміз.

Саят Ермек – тілші:

– Бұқараны кенеден қорғау шаралары шаһарда жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінге дейін Петропавл ішіндегі 189 га аумақ өңделген. Яғни, мұнда жәндікке қарсы дәрі себілген екен.

Ашық түсті, жабық киім мен бас киім кию қажет, әр 15 минут сайын денені қарап шығу керек – қауіпті зиянкестен қорғанудың амалдары интернет парақшаларда жететін. Бірақ, ең оңтайлы әдіс – вакцина алу. Тіркелген емханада кез келген азаматқа энцефалитке қарсы дәрі тегін егіледі. Ал кене шаққан жағдайда бірден ауруханаға жүгінген абзал. Бұл мүмкін болмаса, жәндікті пинцет не жіптің көмегімен ақырын шығарған жөн. Бастысы, жәндіктің бізтұмсығы тері астында қалып қоймауы керек. Бірақ, соның өзінде де дәрігерге қаралу қажет.

 

 

Саят Ермек