Қоғам

Республикалық ауыл еңбек жастарының форумы

Ел тұрғындарының жартысына жуығы ауылдарды мекендейді. Алайда, мұнда еңбектеніп жүрген ұл-қыздарды жиі кезіктіре алмайсың. Неліктен? Бұл сұраққа жауап – жалғыз. Елді мекендерде кейінгі ұрпақ өкілдерін қызықтыратын, жұмыс істеуге стимул болатын тиісті жағдай жасалмаған. Бүгінде өткір тұрған мәселе республикалық ауыл еңбек жастарының форумында талқыланды.

Жас келсе – іске! Солтүстік Қазақстан, Ақмола мен Қостанай облыстары жастарының басын қосқан форум дәл осылай аталады. Залға жиылған жұртшылықтың арасында түрлі саланың өкілдері бар. Дәрігерлер, мұғалімдер, ветеринарлар мен агрономдар. Олар үшін ортақ саналатын мәселелер аз емес. Оны мінберден сөз алғандар бірінен соң бірі жіпке тізіп берді. Ақмола облысынан ат терлетіп келген Дәулет Есқақовтың жиналғандарға айтары бар. 7 жыл бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбектеніп жүрген азамат бірнеше ұсыныс жасады.

Дәулет Есқақов – Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

– Ауыл жастары өз бизнесін ашу үшін мемлекет көмегіне жүгінеді. Несие алу үшін кепілзат қою қажет. Енді ғана жұмысқа орналасып жатқан ұл-қыздарда не көлік, не үй болмайды, әдетте. Сондықтан, кепілзатты алып тастаса жақсы болар еді.

Бұл – біріншіден. Екіншісі «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысты. Аталған жоба бойынша елді мекенге жұмысқа тұратын азаматтарға үй сатып алуға берілетін соманы инфляцияның деңгейіне байланысты өсіріп отырса игі болар еді дейді. Тағы ол ауыл шаруашылығы мамандықтарында оқитын ұл-қыздардың тәжірибеден өтуін де тілге тиек етті. Айтуынша, студенттер жіберілетін кәсіпорындарда тәлімгерлер жоқ, сол себепті білім алушыларға қолдау танытылмайды. Бұл кадрлардың сапасыз даярлануына әкеп соқтырады. Тағы жастар білім, медицина саласындағы проблемаларды да көтерді. Жергілікті кәсіподақтар орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев ұсыныстардың аяқасты қалмайтынын жеткізді.

Ерік Нұрақаев – «СҚО Кәсіподақтар Орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:

– Бүгін жастар үлкен қарар қабылдады. Мұнда өзінің тұрмыстық жағдайы, жұмысқа орналасу туралы сұрақтарды қабылдады. Расында да кәсіподақ бүгінде үлкен күш болып саналады. Республика бойынша – 2 млн, өңірде 60 мың мүшеміз бар.

Ал Рауан Бралин болса қазіргі таңда көпке үлгі. 41 жастағы азамат ауыл шаруашылығы саласында 18 жыл бойы еңбектеніп келеді. Уәлиханов ауданындағы шаруа қожалығында ол малшы болып екі қолға бір күрекпен қамтылған. Ауылдағы өміріне дән риза. Отбасын құрып, жарымен бірге бала тәрбиелеп отыр. Көшпелі қазақтың қанына сіңген іс болғандықтан, жұмысты қиынсынбаймын дейді. Өткен жылдың соңында ол кәсіподақтар федерациясынан 3 дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін иеленіпті.

Рауан Бралин – «Жолдасбай-Агро» ШҚ малшысы, Уәлиханов ауданы:

– Бұл менің республика дәрежесіндегі алғашқы марапатым. Ауыл баласы болғандықтан, осы салада жұмыс істеп жүрмін. Қиын деп ата алмаймын.

Кәсподақтар федерациясы еліміздің ауыл еңбек жастарының басын қосатын мұндай форумды дәстүрлі түрде ұйымдастырмақ ниетте.

 

Эльмира Садвокасова