Қазақстанда “Бірге” атты жалпыұлттық акция бастау алды. Бұл – жоғарғы мемлекеттік лауазымға үміткерлердің бірі Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы. Акция аясында алдағы бір ай бойы отандастарымыз жүректегілерін жеткізіп, елді дамытуға тікелей атсалыса алады.
Президенттікке үміткерлер анықталды. Олардың саны – 7-еу. Осыдан бірер күн бұрын кандидаттар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті. Бұл үшін олардың әрқайсысына 7 млн 331 мың 200 теңгеден бөлінді. Оқушылар сарайында “Nur Otan” партиясының атынан ұсынылған кандидаттың аймақтық қоғамдық штабының өкілдері мен үміткердің сенімді тұлғалары бас қосуда. Мамырдың 13-і мен маусымның 7-сі аралығында олар өңірде “Бірге” атты акция өткізетін болады.
Абылайхан Қайроллаев, «Jas Otan» ЖҚ облыстық филиалының төрағасы:
– «Бірге» акциясы аясында тұрғындардың бұйымтайлары, ұсыныс-шағымдарын жинап, Қ.Тоқаевтың республикалық штабына жібереміз. Әсіресе, жастармен жұмыс жасамақшымыз. Бұл оңай болу үшін әлеуметтік желілер арқылы үгіт-насихат шараларын бастап кеттік. Басты мақсат -сайлауға қатысушы әр азамат дауысының маңыздылығын атап өтіп, бірлесе жұмыс жасау.
Шамамаен бір айға жуық уақыт бойы теріскейдің барлық аудандары мен Петропавлда қоғамдық қабылдаулар жүргізілетін болады. Бұл акция – тікелей Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы. Президенттіке үміткер осылайша халықты белсенділік танытып, Қазақстан дамуының басым бағыттарын айқындауға қатысуға шақыруда.
Саят Ермек