МТРА жаңалықтары

Ауылдағы ағайынға несие алып, кәсіп ашуға мүмкіндік мол

Өткен жылы “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы” бойынша ауылдағы ағайынға 1,8 млрд теңгенің 561 несиесі берілген. Биылға жоспар ауқымды. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры аталған жоба негізінде қаржыландыруды бастап кетті.

“Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” – бұл ауылда, жұмыссыз отарған ағайынға бизнес ашу мүмкіндігін беретін бірегей бағдарлама. Ірі қара алып, мал шаруашылығымен айналысамын дейсің бе, ауылда дүкен ашамын дейсің бе – өз еркің. Бастысы, идея мен ынта болса болғаны. Одан өзге, алдымен бизнес-курстардан өту қажет.

Әрсен Уразалинов – “Бастау Бизнес” бағдарламасының Қызылжар ауданы бойынша тренері:

– Бүгінгі таңда “Бастау Бизнес” бағдарламасы бойынша курстар 20 күнге жалғасады. Осы уақыт аралығында біз азаматтарды бизнес-жоспар құруға, кәсіпті дұрыс жүргізуге машықтандырамыз, салықты уақытылы және дұрыс төлеуді үйретеміз. Курстар тәмамдалған соң жоба түлектері қайтарымсыз грант ұтып ала алады. Теріскейліктерге өткен жылы – 551, ал 2019-дың бірінші тоқсанында 356 грант берілді.

Ал қайтарымсыз грантқа қол жеткізе алмағандар Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан жеңілдікпен несие ала алады. “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы бойынша өткен жылы қор 1,8 млрд теңгеге 561 займ берген. Ал биылғы жылы ісін ашамын дейтіндер үшін қаржыландыру басталды.

Абылай Нүркенов – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ СҚОФ директоры:

– Жоспар бойынша үстіміздегі жылы “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы бойынша ауыл азаматтарына ең кем дегенде 1,4 млрд теңгенің несиесін беруге әзірміз. Бізде көптеген салалық бағдарламалар бар. Мысалы, “Игілік” бағдарламасының аясында азамат мал, құс және бал араларын ала алады, ал “Бірлік” бағдарламасының аясында сүт қабылдаушы пункттерге арналған құрылғыларды сатып алуға болады.

Несие шарттары да ауыл тұрғындары үшін қолайлы, яғни біршама жеңілдетілген. Жылдық пайыздық үстеме небәрі 6 процентті құрайды. Ақшаны қайтару уақыты мен кестесін де өз қалауы бойынша белгілеуге болады. Сондай-ақ, несиені бірден емес, біршама уақыттан кейін, яғни пайда түсе бастағаннан соң қайтара бастау мүмкіндігі де беріледі. Мүмкіндіктерден бөлек, талаптар да бар.

Абылай Нүркенов – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ СҚОФ директоры:

– Ең алдымен, азамат өз кәсібін заңды түрде тіркеуі тиіс. Екіншіден, оның бұған дейін алған несиелері бойынша берешегі болмауы шарт. Бұл өте маңызды жайт. Үшіншіден, займ алмас бұрын азамат өзінің жылжымалы не жылжымайтын мүлігін кепілге қоюы керек. Егер бұл жылжымалы мүлік болса, өтініш беруші оны сақтандыруға міндетті.

Өтініштерді қарастыру үрдісі өткен жылдан бастап оңтайландырылып, сандық форматқа көшкен. Былтыр қор CRM жүйесін іске қосқан, ал биыл “СКОРИНГ” жүйесін ендірмекші. Соңғысының көмегімен несие алуға берілген өтініш кем дегенде 10 күннің ішінде қаралады. Ал бастаған кәсібі нәсіп бермей, қордан алған займын уақытылы қайтара алмай жүрген 150 шақты кәсіпкер бар екен бүгінде. Мұндай борышкерлерге Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры кеңшілік жасап, қаржыны ыңғайы болғанда қайтару мүмкіндігін береді. Ал несині алып, ақшаны мақсатсыз шашқандар займ сомасын 3 күннің ішінде қайтаруы тиіс. Өйтпесе, қор сотқа жүгінеді.

Саят Ермек