Балалар

Қалалық аулаларда спорттық іс-шаралар өтті

Тоғызқұмалақ, шахмат, шағын футбол мен эстафеталық жарыстар. Демалыс күндері қаладағы 30-дан астам аулада балалар арасында спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Өзара сайысқа түскен жеткіншектердің ойыны қызықты әрі тартысқа толы болды.

“Тәні саудың жаны сау” деген ұстаным бұл ауланың балақайларына жақсы таныс. Кей қатарластары ұйқыны соғып жатқанда бұл жеткіншектер таң ата спорт алаңқайында жүр.
Қарлығаш Үмбетова үшін күнді жаттығудан бастау қалыпты нәрсе. Бойжеткен – гір көтеруден Қазақстан чемпионы. Сондықтан, денесін шынықтыруға ол ерекше көңіл бөледі.

Қарлығаш Үмбетова, гір көтеруден ҚР чемпионы:

– Спорт шебері атанғым келеді. Сол мақсатқа жету үшін күнде жаттығамын. Ең бастысы – төзімділік болуы керек. Өйтпесе, көздегенге қол жеткізу мүмкін емес. Гір көтергенде қолың ауырады, шаршайсың. Осы кезде шыдамдылық танытып, соңына дейін тұру қажет. Сонда ғана жеңіс тұғырына көтерілесің.

Ал мұнда шағын футболдан “шағын” біріншілік өтіп жатыр. Командаларға балалардың өздері бөлінген, сондықтан жеткіншектердің жас ерекшеліктері де әр алуан. Мәселен, Аман Мейрам футболға 5 жасында келген. Қазір ол 15-те, дегенмен спортта біршама тәжірибесі бар. Бұған дейін Аман өңір намысын республикалық біріншіліктерде қорғап та үлгерген. Ендігі арманы – әлем таныған ойыншы болу.

Аман Мейрам:

– Менің ең жақсы көретін ойыншым – Леонель Месси. Ол тактикалық тұрғыда және баспен жақсы ойнайды. Біз өз командамызбен Нұр-Сұлтанға, Қарағандыға, Көкшетауға, Шымкентке және Таразға бардық .

Тоғыз құмалақ, дойбы, шахмат. Ауланың бұл бөлігінде балалар денелерін емес, миларын шынықтыруда. Ибрахим Шайхиден шахмат ойнауды мектеп табалдырығын аттамай тұрып үйргенген екен. Гроссмейстер болғым келеді дейді ол. Сондықтан, көп жаттығады.

Ибрахим Шайхиден:

– Шахмат – өте қызықты ойын және ол математикаға жақсы. Екі жыл ойнаймын. Шахмат клубында бірінші және екінші орындарды алдым.

Ал бұл өрендер – “Жас сарбаз” клубының тәрбиеленушілері. Мұнда олар әскери саланың ережесін үйренеді. Қазір клубқа 6 мен 15 жас аралығындағы 100-ден астам бала барып жүр екен. Демалыс күні таңертең олар да аулаға шығып, жаттығу жасады.

Спорттық іс-шара сенбі күні Жамбыл Жабаев көшесінде де жалғасты. Үй аулаларының бірінде балалар арасында шағын футболдан жарыс өткізіліп, көңілді эстафеталық ойындар ұйымдастырылды. Жеткіншектер 2 топқа бөлініп, 8 тапсырма бойынша өзара сынға түсті. Демалыс күндерінің бұлайша қызықты өтуі балалардың шықты.

Даниил Гвоздев, «Мстители» командасының мүшесі:

 – Үйде отырып терезеден балалардың шулаған дауыстарын естідім. Қарасам, достарым ойнап жүр екен. Сосын інімді алып олардың қатарына қосылуды жөн көрдім. Ойын өтте қызықты өтті. Бізге қатты ұнады.

Ал Хименко көшесі, 2 мекен жайындағы аулада жеткіншектер тоғызқұмалақ ойнауда.
Ұлттық ойынның бұл түрі қазіргі таңда үлкен-кіші арасында үлкен танымалдылыққа ие. Сол себепті, алаңға жиылған жеткішектердің саны да аз емес. Солардың бірі – 11 жасар Әрсен Максим. Ол тоғызқұмалақты сүйіп ойнайтындардың қатарында.

Әрсен Максим – жарысқа қатысушы:

– Жарыс жақсы өтіп жатыр. Кеше де, бүгін де ойындарға қатысып, белсенділік танытудамын. Маған тоғызқұмалақты бала кезімнен ана мен әкем үйретті.

Жарыс нәтижесі бойынша жеңімпаз атанған қатысушыларға дипломдар табысталды.

Актолкын Солтанханкызы