Халық тарих толқынында

Жеңіс саябағында салтанатты іс-шара өтті

Ұлы мейрамды солтүстікқазақстандықтар Жеңіс саябағында да атап өтті. Мұнда жиылған жұртшылық ескерткішке гүл шоқтарын қойып, майдан даласында қаза болған сарбаздарды 1 минуттық үнсіздікпен еске алды. Сонымен қатар, жауынгерлік ботқадан дәм татып, мерекелік концертті де тамашалады.

Байболат Бектемірұлы:

 Қарамай-ақ нөсерлеткен жауынға,
Қарсы тұрды алапат күш дауылға.
Батырларды Отан үшін от кешкен
Еске аламыз 9-шы мамырда!
Бүгін ұлы мереке. Маңдай термен, қан мен көз жаспен келген Жеңіс күні! Мейрамды солтүстікқазақстандықтар қалада жер-жерде атап өтуде. Соның бірі мына біз тұрғын Жеңіс саябағында бастау алды.

Жеңіс саябағында ине шаншар жер жоқ. Мұнда теріскейліктер сұрапыл соғысқа қатысып, ел қорғаған майдангерлердің рухына тағзым етуге келді. Ағайынның қатарында Ахметжан Рамазанов та бар. Азаматтың әулетінен ұрыс даласына 4 ағайынды аттанған екен. Солардың 3-еуі үйге аман-есен оралған. Қиын-қыстау уақытты жерлесіміз күрсіне еске алды.

Ахметжан Рамазанов – қала тұрғыны:

– Соғыс уақытында қиыншылық көрдік. Масақ тердік. Жейтін тамақ болмады. 1 үйде 1 сиырдан болды. Соның сүтін ішіп, өмір сүрдік. Өте бақытты жастар қазір өсіп жатыр. Ғұмыр жастары ұзақ болсын. Соғыс деген бұдан былай болмасы!

Бүгінгі күні өңірде соғысқа қатысқан 82 адам тұрады. Олардың кейбірі күннің ыстығына қарамастан салтанатты іс-шараға келіп отыр.

Ер жүрек жандарды жиналғандар зор қошаметпен қарсы алды. Біз тілдескен ардагерлер толарсақтан саз, тізеден су кешкен күндерді аса еске түсіргісі келмеді. Оның орнына майдангерлер кейінгі ұрпаққа өз өсиеттерін айтты.

Қожатай Некібаев – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Орыстың жазушысы Максим Горкий “Өткенді білмесең, жаңаның мәні менен болашақтың мақсатын түсіну қиын” деген. Дағыстанның жазушысы Расул Ғамзатов “Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас лақтырады” дейді. Қандай ұлы сөздер?! Осыларды мына сендер, жастар естеріңе сақтауларың қажет. Өткенді жаңаменен байланыстырып отырсаңдар болашақтарын жарқын болады.

Көп ұзамай жұртшылық саябақтағы ескерткішке жақындады. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов бастаған теріскейліктер обелискке гүл шоқтарын қойды.

Отан үшін ұрыс даласына аттанып, жан берген батырлар мәңгі жадымызда. Олар үнемі ойға оралады. Дүйім жұрт бүгін де майдангерлерді 1 минуттық үнсіздікпен еске алды.

Мерекеде ардагерлерге арналып дастархан да жайылды. Қариялар облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен бір үстелге жайғасып, ас-судан ауыз тиді.
Дәм жиылған қауымға да таратылды. Саябақта әскери шатырлар тігіліп, келушілерге жауынгерлік ботқадан үлестірілді. Ән де шырқалды. Жергілікті өнерпаздар соғыс жылдарынан сыр шертер туындыларды орындады.

Саябақтағы тұрғындар мәре-сәре. Олар халықты мерекемен құттықтап, жүрекжарды тілектерін білдіріп жатты.

– 9-шы мамыр мерекесі де келіп жетті. Барлық тұрғындарды құттықтаймын. Тек қана жақсылық болсын.

– Нағашы атам соғысқа қатысқан. Сол кісілердің арқасында жеңіске жеттік. Жеңісіміз мәңгі болсын. Мереке құтты болсын.

– Оқушыларымыздың атынан ардагерлерді құттықтаймын. Денсаулық тілеймін. Ешқашан соғыс болмасын!

Салтанатты шара соңында концерт қойылды. Сахнаға әнші-бишілер шығып, өнер көрсетті.

Култанов Байболат