Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ұлы Жеңіске – 74 жыл

Ұлы Жеңіске – 74 жыл. Мерекені солтүстікқазақстандықтар Н.Погодин атындағы театр алаңына жиналып атап өтті. Шараға қарт майдангерлер қатысып, өскелең ұрпаққа баталарын берді. Кейін жұртшылық мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, Отан үшін от кешкен жауынгерлерді еске алды.

Ұлы Жеңіс! Ұлы мереке! 9 мамыр – тура 74 жыл бұрын бұл күні аспанға млн-даған оқ атылды. Жылдар бойы кеудесін оққа тосқан жауынгерлер мен тәуліктеп білдек басында жұмыс істегендер көздеріне жас алып, қуанды. Бейбітшілік пен тыныштық орнады. Ұрпақтарына осындай бейбіт өмір сыйлаған батырларымыздың ерлігі еш ұмыт болмайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жылдар өтеді. Ұрпақ ауысады. Бірақ, біздің Отанымызды және бүкіл әлемді фашизмнен қорғаған батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Петропавлда құрылған 314-атқыштар дивизиясы Ленинград қаласын жау қолынан босатып, Польша, Чехославакиядағы шайқастарға қатысып, Прага қаласын босатты.

Солтүстікқазақстандықтар Ұлы Отан соғысындағы барлық шайқастарға қатысты. Партизан отрядтары құрамында жүріп те жаумен күресті. Ешбірі өз қара басын ойлаған жоқ, жасына, артында қалған жанұясына қарамастан «Отан үшін алға!» деп ұрандатып, ұрыс даласына аттанды. Қасық қаны қалғанша фашистердің көзін жоюды міндет тұтты. Сол уақыттан бері 74 жыл өтті. Бірақ, 1418 күннің салған жарасы әлі де жазылар емес.

Степан Башкиров – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Құрметті солтүстікқазақстандықтар, барлық майдангерлердің атынан Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтаймын. Біз бұл күндері соғыс жылдарын еске аламыз. Ұрыс даласында талай жолдастарымыз ерлікпен қаза тапты. Батырларымыздың қайсарлығы ешқашан ұмыт болмасын. Қиын жолмен, құрбан болған млн-даған адамның өмірімен келген бейбітшілікті сақтаңдар. Ашық аспан – сіздерге аманат!

Ұлы Отан соғысына теріскейден 91 мың жауынгер аттанған екен. Соның 34 мыңы оралмаған. Олар майдан даласында ажал құшты. 52 солтүстікқазақстандық – Кеңес одағының батыры, тағы 11-і үш мәрте Даңқ орденінің иегері атанды. Бірақ, барлығының ең басты жетістігі мен құндылығы – медальдары емес, ұрпаққа тарту еткен бейбіт өмір.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

-Ең алғашқы мәңгілік алау 1921 жылы Парижде жағылды. Ол белгісіз жауынгердің жерленген жерін жарықтандыр тұрған. Кейін мұндай алау әлемнің түкпір-түкпірінде ұрыс даласында жанын Отан үшін пида еткен боздақтардың құрметіне орнатыла бастады. Жыл сайын дәл осы ескерткіш басына жұртшылық жиналып, майдангерлердің рухына тағзым етеді.

Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Соғыс ешбір отбасыны айналып өтпеді. Майданға біреудің атасы, әкесі, бауыр еті баласы мен аға-інісі қатысты. Сондықтан, мерекеде барлығы қолдарына қызыл қалампыр ұстап, ескерткішке өз батырларының рухына тағзым етуге келген. Ал көзі тірі ардагерлер күн-түн демей, аптап ыстықта, қақаған аязда, жаңбыр астында қолдарына қару алып жауға қарсы бірге соғысқан майдангерлерін еске алуда.

Отан үшін от кешкен жандарды ұлықтау мақсатында 4 жыл бұрын оқушылар мынадай құнды дүние жасапты. 56 метр болатын қызыл матада петропавлдық 86 ардагердің есімі мен өмірі жазылған. Қазір олардың бірқатары дүниеден өтті. Бірақ, ерліктері жастардың мәңгі жадында.

Ұрпаққа ашық аспан, бейбіт өмір сыйлаған жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмыт болмайды. Себебі, олардың есімдері – бірінші кезекте, біздің жүрегімізде сақтаулы.

Эльмира Садвокасова