Халық тарих толқынында

Соғыс жылдарынан бері сақталып қалған газет пен хат

Соғыс жылдарынан қалған / сырға толы жәдігерлер. Арада қанша уақыт өтсе де, олардың құндылығы жоғалмақ емес. Тарих ғылымдарының докторы Анатолий Плешаковтің үйінде сонау 41-ші жылдың басында жарық көрген газет сақтаулы. Сарғыш тартқан парақтарында сол кездегі жағдай сипатталған екен.
Жерлесіміздің қолында бір жауынгердің ғашығына жолдаған хаты да бар.

Бұл – Комсомольская правда газеті. Ол 1941-ші жылдың 24 маусымында Мәскеуде жарық көріпті. Яғни, Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін 2 күн өткен соң шыққан. Сондықтан, 4 парақтан тұратын мерзімді баспасөзде түгелімен тарихи оқиға жайлы жазылыпты. Алғашқы бетте КСРО Халық комиссарлар кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Вячеслав Молотовтың мәлімдемесі тұр.

Анатолий Плешаков – тарих ғылымдарының докторы:

– Вячеслав Молотов өзінің мәлімдемесінде соғыс басталғандығын хабарлайды. Жау ұшақтарының Киев, Севастополь, Каунас қалаларын бомбалағанын, қандай зардап келгенін баяндайды. Және барлық тұрғындарды Кеңес Одағын қорғауға, фашистермен күресуге шақырады. Тағы, газетте кәсіпорындарда, зауыттарда еңбек ететін жұмысшылардың сұхбаттары жазылған. Олар майдан даласына аттануға әркезде де дайын екендіктерін айтыпты.

Газеттің бір беті халықаралық жаңалықтарға арналыпты. Онда әлемдегі жағдай баяндалған. Мәселен, фашисттердің қай мемлекетті басып алғаны, қандай елге жақындағаны жазылған. Бұл жәдігерді Анатолий Плешаковқа досы 10 жылдай уақыт бұрын сыйлапты. Содан бері тарихшы басылымды көзінің қарашығындай сақтап, Ұлы Жеңіс қарсаңында жастарға көрсетіп жүр.

Анатолий Плешаковта газеттен бөлек, тағы бір құнды дүние бар. Ол – бір жапырақ хат. Оны ұрыс даласында жүрген жауынгер ғашығына жолдаған.

Анатолий Плешаков – тарих ғылымдарының докторы:

– Хат 43-ші жылдың наурыз айында Петропавлдағы қызға жолданады. Оның жазылу стилі ерекше. Автор майдандағы жағдайды, өзінің бойжеткенге деген сағынышын, сезімін керемет жырмен жеткізіпті. Менің білуімше, солдат соғыстан қайтан жоқ. Жауынгердің есімі – Александр, ал тегін білмеймін. Азаматша хатты өмірінің соңына дейін сақтапты. Қаза тауып, заттарын жинап жатқан кезде мен алып қалдым.

Айта кетейік, Анатолий Плешаковтың әкесі де майдангер. Жерлесіміз Чехословакияда, кейін Қиыр Шығыста болып жаумен күрескен. Елге оралған соң, қылмыстық іздестіру қызметінде еңбек етіпті. Өткен жылы өмірден озған екен.

Байболат Бектемірұлы