Балалар

Әскери-патриоттық клуб мүшелері арасында жарыс өткізді

Петропавлдық ұл-қыздар автомат шашып-жинаудан сынға түсті. Олар шапшаңдық танытып, өздеріне жүктелген міндетті ойдағыдай орындады. Айта кетейік, бұл әскери-патриоттық шара Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылды.

Мына жерге жиылған жастардың барлығы автоматты жартылай шашып және жинау сайысында өз бақтарын сынауда. Бұл істе, әсіресе, ұлдар епті келеді. Бірақ, қыздар жағы да қалыс қалар емес. Солардың бірі – 17 жастағы Екатерина Романкевич. Ол бүгін автомат жинауда өзінің икемділігін танытып, тапсырманы бірінші болып орындады.

Екатерина Романкевич – жарысқа қатысушы:

– Менің ойымша, мұндай сайыстардың өтуі өте қызық. Көп дүние үйренесің. Жарыс болады дегенді естіп, оған бірден қатысуға бел будым. Автомат жинауда жақсы нәтиже көрсеттім деп ойлаймын.

Ендігі кезек жарыстың ең кішкентай қатысушысына да келіп жетті. 7 жастағы Әділ Қуаныш – «Жас сарбаз» әскери патриоттық ұйымының тәрбиеленушісі. Болашақта жеткіншек әскери азамат болғысы келеді.

Әділ Қуаныш – жарысқа қатысушы:

– Барлық ерлерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын. Осындай жиынға жиі қатысып тұрыңыздар.

Автоматты шашып-жинаудан бөлек, бұл жерде жасөспірімдер патриоттық әндер шырқап, көрермендерге жақсы көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, алғашқы медициналық көмек көрсетуден де сайыстар өткізілді. Жалпы, ереже бойынша жарысқа барлығы қатыса алды. Бұл шараның мақсаты – өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу мен салауатты өмір салтын ұстануға баулу.

Әкімжан Төлебай – «Жас сарбаз» әскери патриоттық ұйымы СҚОФ төрағасы:

– Бүгінгі шараның басты мақсаты-өскелең ұрпақты патриоттық рухқа, адамгершілікке тәрбиелеу.

Сайыс соңында барлық қатысушыларға белсенділіктері үшін тәтті сыйлықтар табыс етілді.

Дана Сәлімқызы