Халық тарих толқынында

Петропавлда Борис Керімбаев туралы деректі фильм көрсетілді

Қара майордың қайсарлығы. Петропавлда Ауған соғысында нағыз батылдық пен табандылық танытқан қазақстандық Борис Керімбаев туралы деректі фильм көрсетілді. “Жизнь специального назначения” атты кинотуындыны қала тұрғындары мен Әскери институттың курсанттары тамашалады.

Борис Керімбаев Алматы қаласында туып-өскен. Әскери сауаттылығы жоғары азамат болған. Көзі тірісі кезінде-ақ аты аңызға айналған ел батыры. Ауған соғысында талай шенді майдангердің қабілеті жетпеген моджахеттердің қолбасшысы Ахмад Шах Масудпен күрес жүргізген.

Ауған соғысының ардагері Борис Керімбаев арнайы мақсаттағы 177-отрядтың командирі болған. Ол басшылық еткен сарбаздар қазақ, қырғыз, өзбек және тәжіктерден құралғандықтан «мұсылман» батальоны деп аталып кеткен екен. Оның ерлігін майдандастары құрмет тұтқан. Батырды жауынгерлері – “Қара майор”, Ауғанстан халқы “Паншер патшасы” деп атап кеткен.

Жоламан Мұхаметжанов – Ауған соғысының ардагері:

– Онымен бірге Ауған соғысында болмасам да Алматы облысының «Ардагер» госпилатінде бірге жаттық.  Ол кісі өте батыр адам болды. Ол Паншер шатқалын 1 ай ұстап тұруы тиіс еді. Бірақ, ол 1 ай емес 7-8 ай ұстап тұрды.

Керімбаев әскери жекпе-жектің 26 түрін меңгеріпті. Оны қол астындағы жауынгерлеріне үйретіп, Ахмад Шах Масудпен шайқаста аз шығынға ұшыраған. Жеңілісіне ызаланған моджахеттердің қолбасшысы кімде-кім Керімбаевтың басын алса 1 млн сыйақы беретінін айтқан екен.

Қазақ батыры соғыстан кейін елге аман оралып, өз қызметін Алматы қаласында жалғастырады. Ұзақ жыл еңбек атқарған. Борис Керімбаев үстіміздегі жылдың 12-ақпанында 71 жасында көз жұмды.
Жалпы, деректі фильмді тамашалауға келген көрермен қатары қалың болды. Әсіресе, кинотуындыны қарауға Әскери институт курсанттары көп келген екен.

–  Осы кинодан көптеген жаңа әсер мен толқулар алдым. Осы фильм арқылы Отанға деген мақтанышым артып, Ауған соғысындағы батырлардың қиыншылығын көрдім.

– Бүгінгі кино маған өте қатты ұнады. Бұл әр әскери қызметкерге қызықты.

Маржан Касымбек