МТРА жаңалықтары

Ардагерлер құттықтаулар қабылдауда

Сонымен қатар, облыс әкімі Құмар Ақсақалов Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ардагер Сұлтан Мұхамеджановтың үйіне де құттықтай барды. Қарт майдангер өңір жетекшісімен біраз сырласып, ескірмес естеліктерімен бөлісті.

Ел басына күн туған шақта қолына қару алып ойланбастан 19 жасында майданға аттанған Сұлтан Мұхамеджанов қазір 97-ге таяп қалған. Десе де, қария сұрапыл жылдары бастан өткерген қиыншылықтарын ұмытпапты. Тіпті, соғыс жылдары алған 4 жарақатының әрқайсысы есінде. Қарт майдангер бірқатар елдер мен қалаларды азат етуге қатысқан.

Сұлтан Мұхамеджанов – Ұлы Отан соғысының ардагері:

–  Сталинградты азат етуге қатыстым. Сосын Украинаға шығып, Николаевск қаласын азат еттім. Австрия мен Венгрияның границасында болдым. Украинаны толық азат етуге қатыстым. Югославияға барып тоқтадық.

Ал жеңіс күнін ардагер Австрия мен Венгрияның шекарасында қарсы алыпты. Соғыстағы көзсіз ерлігі үшін Сұлтан Мұхамеджанов «Кеңес Одағының маршалы Жуковтың», «Ерлік үшін» медальдерімен және бірқатар ордендермен марапатталған. Қарт майдангер зайыбымен бірге 3 баланы тәрбиелеп өсірген. Қазір олардан 5 немере мен 4 шөбере сүйіп отыр.

Әсел Бимаханова – С.Мұхамеджановтің немересі:

– Атамыз соғысты бастан-аяқ өткеріп, Берлинге дейін жеткен. Келгесін де қол қусырып отырған жоқ. Талай жыл қызмет істеді. Жалпы, ол өте еңбекқор кісі. Бізді де соған баулып өсірді.

Бейбіт күнді жақындатуға үлес қосқан қарт майдангер Ұлы Жеңіс мерекесі қасаңында құттықтаулар қабылдауда. Ең алдымен Сұлтан Мұхамеджановқа өзінің ізгі тілегін облыс әкімі Құмар Ақсақалов жеткізді.

Ардагерге өңір жетекшісі сыйлық ретінде шаңсорғыш тарту етті.

Магжан Ахмадина