Халық тарих толқынында

ҰОС ардагері естеліктерімен бөлісті

Биыл Кеңес Одағыныңфашистік Германия әскерін тас-талқан етіп, жеңіске жеткеніне 74 жыл толмақ. Арада ұзақ уақыт өтсе де 1418 отты күн бойы елімізді жау қолынан қорғап қалған батырларымыздың есімі ұмыт болған емес. Ұлы Жеңіс күніне орай біздің арна тілшілері ұрыс алаңында болған көзі тірі майдангерлермен жүздесуде.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– 1941-ші жыл. Маусым. Оқу жылы аяқталды, мектеп түлектері қолдарына көптен күткен аттестаттарын алды. Жастарды үлкен өмір күтіп тұр. Бірі дәрігер, ұстаз, енді бірі есепші болуды арман етті. Бірақ, сұм тағдыр оларды аямады….
Өрімдей ұл-қыздар аттестат орнына қолдарына қару алып, майданға аттанды. ҰОС млн-даған адамның өмірін тас-талқан етті. Ұрыс даласына Кеңес Одағынан 27 млн жауынгер қатысқан, кей деректерде бұл сан тіпті 43 млн-ға дейін жетеді. Туған жерін фашистік Германия әскерінен 1 млн 200 мың қазақстандық қорғады. Олардың тең жартысы Отанына қайта оралмады.

1418 күнге созылған Отан үшін күрес әрбір отбасында жазылмас жара қалдырды. Балғындар балалық, жастар жастық шақтарынан айырылды. Еңбекке жарамды адамдар тылда жұмыс істеп, майдангерлерді азық-түлік, жылы киім, қару-жарақ, дәрі-дәрмекпен қамтуға тырысты. Өздері бір үзім нан мен ыстық тамаққа зар болса да ұрыс алаңында жүрген жауынгерлердің қамын бірінші кезекке қойды. Осылайша, Кеңес Одағының түкпір-түкпіріндегі жұртшылық күн-түн демей бір адамдай болып Жеңіс күнін жақындатуға үлестерін қосты. Сол уақыттан бері 70 жылдан астам уақыт өтті… Бірақ, отты жылдардағы жауынгерлердің, тылдағы жұмысшылардың ерліктері ешқашан ұмыт болмайды.

Жиырма жыл… Көкектің болжағаны кейбір жауынгерлерге бұйырмады. Ұрыс алаңына бір полк болып барып, он шақты адам ғана қайтатын сәттер де болды дейді Николай Демин күрсініп. Қария бүгінде тоқсанды алқымдап қалса да қан майданда туған жердің әр бөлшегін бірге қорғаған қаруластарын ұмытқан емес. Соғыс басталғанда ол 16 жаста болыпты. Мектептің 7 сыныбын бітірген азамат Ресей жерінен теріскейге эвакуацияланған Киров зауытына жұмысқа тұрған. Отты жылдары кәсіпорын майданға қажетті радиоқабылдағыш пен радиопеленгатор әзірлеген болатын. 1942 жылдан ол өндіріс ошағында токарь болып, екі қолға бір күрекпен қамтылыпты. Ал жасы 17-ге келгенде бозбала бірден әскерге елді жау қолынан қорғауға аттанған.

Николай Демин – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Алматы қаласына оқу полкіне аттандық. Винтовкадан атып, кедергілерден өтуді үйретті. 6 айға созылған оқу аяқталысымен, 1944 жылдың сәуірінде майдан шебіне кеттік. Бізді Ресейдің Великие Луки қаласына әкелді. Кейін Ржевке жөнелдік. Шаһарлар енді ғана жау қолынан азат етілген болатын. Көргенде төбе шашымыз тік тұрды. Бомбалаудан аман қалған бір ғимарат жоқ. Қабырғалары ғана бар. Өте қорқынышты еді. Соғыстың не екенін сонда түсіндік.

Ұрыс даласына аттанбас бұрын Николай Иванович жарты ай бойы барлауда қызмет етіпті. Күн сайын түн жамылғанда жауынгер жаудың аймағына кіріп, жердің үстіне арнайы сымдарды орнатқан. Құрылғы арқылы фашистердің сөзін тыңдап, жоспарын біліп алу мүмкіндігі болыпты. Осындай операциялардың бірінде Николай Демин неміс снайперінің көзіне ілігіп қалады. Берілген тапсырманы орындап жатқан жауынгердің дәл қасынан оқ зу етіп өте шыққан.

Николай Демин – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Мен бұл фашистердің мергені екенін бірден түсіндім. Оқуда болғанда офицерлеріміз бізге егер снайпер сендерді көріп қалса, ол сол аймаққа оқ жаудырады деп айтқан еді. Жерге жата қалып, кейінге шегіне бастадым. Өзіміздің аумаққа жеткенде қаруластарым жүгіріп келді. Сені оққа ұшты ма деп шығаруға келе жатыр едік деді. Осылайша, бір өлімнен аман қалдым деуге болады.

Кейін Николай Деминнің полкі Беларусь жерін азат етуге аттанған екен. Қала тұрғындары Кеңес жауынгерлерін көшеге шығып, қолдарында тамақпен осылай қарсы алған екен. Фашистерден құтқарған әскерге алғыстарын жаудырған. Сондағы әрбір тұрғынның көзіндегі мұң мен жаудың кейінге шегінгені үшін қуаныш есімнен кетпейді дейді ардагер.

Николай Демин – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Немістер Беларусь жерінен шегіне бастады. Сол жерде жау қолымен ұрыс болды. Фашистер тығылып, бізге оқ жаудырды. Ал біз өзімізге позицияларды алып үлгермедік. Сол себепті, жүгіріп барып, жерге жата қаламыз. Сөйтіп жүргенде, зеңбіректің оғы құлады. Жан-жаққа ұшып кеттік. Бір қолым жансызданып, құлағымнан қан ағып жатыр екен. Қарасам снарядтың жарқыншағы оң иығыма тиіпті. Старшина келіп, мені мейірбикелерге жіберді. Госпитальға жатқызды. Бір ай ем қабылдадым. Кейін танк бригадасына бардым. Дайындықтан өтіп, соғысты сол жерде жалғастырдым.

1945 жыл. 8 мамыр. 4 жыл бойы аңсаған Ұлы Жеңіс туралы хабар жеткен күн.

Николай Демин – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Біз орманда жаттық. Танктерімізді жасырып қойғанбыз. Түнде қасымыздан полктер «Жеңіс, Жеңіс!» деп айғайлап өтіп жатты. Командиріміз жүгіріп келіп Фашистік Германияның тізе бүккенін жеткізді. Біз қолымызға қару алып, аспанға ата бастадық. Осы күнді ұзақ уақыт бойы күтіп едік.

Николай Иванович соғыс аяқталған соң да 5 жыл бойы әскери қызметін жалғастырыпты. Кейін Отанына оралып, жұмысқа тұрып, отбасын құрған. Қазір бір қыз, екі ұлдан 5 немере мен 3 шөберенің қызығын көріп отыр. Алдағы мерекеде үлкен жанұя мүшелері қара шаңырақта жиналып, Ұлы Жеңіс күнін бірге атап өтпек.

Эльмира Садвокасова