Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірдегі елді мекендерді ауыз сумен қамту үшін биыл 9,1 млрд теңге жұмсалады

Биыл өңірдегі елді мекендерді ауыз сумен қамту үшін аса ірі көлемде қаржы бөлініп отыр. Жоспар бойынша жыл соңында облыстағы ауылдардың 62 процентіне таза тіршілік нәрі тартылуы тиіс. Алайда, осы бағыттағы жұмыстарға селқос қарайтын кей аудан әкімдерін Құмар Ақсақалов облыстық әкімдіктің кезекті отырысында қатаң сынға алды. Тағы жиында құрғақ шөпті жағу салдарынан туындайтын орман өрттері туралы да айтылды.

Саят Ермек – тілші:

– Сумен қамту – бұл әрқашан өзекті тұратын түйткілдердің бірі. Бүгінде теріскейдегі 394 ауылға тіршілік көзі тартылған, ал 255-інде орталықтандырылған су құбырлары әлі жоқ. Яғни, ауылдағы ағайынның 20 проценті таза ауыз суға зәру.

Қазір солтүстік жұртшылығының шамамен 90 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған. Бұл – соңғы 7 жылда атқарылған шаруаның шарапаты.

Әділбек Әубәкіров – СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– 2011 мен 18-ші жылдар аралығында 1,9 мың шақырым құбыр тартылды. Нәтижесінде 56 елді мекенге су келді, ал 141 ауылда сумен қамту сапасы артты.

Ал 2019-да тағы 32 елді мекенге құбыр тартып, 26 жарым мың жерлесімізді таза тіршілік нәрімен қамту көзделген. Бұл үшін 9,1 млрд теңге бөлініп отыр. Қаражат қомақты. Алайда, жұмысты кей аудан атқамінерлерінің селқостығы тежеуде. Олар тиісті жобалық-сметалық құжаттарды баяу әзірлейді, сараптамаларды уақытылы жүргізбейді. Ал бұл құжаттарсыз ауылдарға су тарту үшін қаржы да бөлінбейді. Салдарынан, бөлінген ақша игерілмейді, оны қазынаға қайтару қажет болады. Ал “Ауыл-ел бесігі” бағдарламасы аясында елді мекендерге тіршілік нәрін тарту үшін небәрі 5 аудан тарапынан 405 млн теңгеге 27 жобалық-сметалық құжат әзірленген.

Бұл өте аз деді облыс әкімі. Жұмысқа қарқын қосып, басшыларға жоғары жауапкершілік таныту қажет. Ал бұған дейін салынған, қазір қолданыстағы су тарату нысандарын сенімді басқаруға беру шаруасы да аудандарда тиісті деңгейде атқарылмай келеді. Бүгінде мұндай 175 нысанның тек 92-сі ғана кәсіпкерлердің қарамағында. Жұмыстар тек Аққайың, Жамбыл және Уәлиханов аудандарында мардымды жүргізілуде. Өзге басшылар мәселеге сылбыр қарап, тіпті тендер жарияламайды. Олар аймақ басшысынан қатаң сын естіді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– М.Жұмабаев ауданында 4 су тарату нысаны бар екен. Бірде-біреуі кәсіпкерлерге сенімді басқаруға берілмеген, бәрі – әкімдіктің балансында. Бұл дұрыс емес. Егер нысанда белгілі-бір қожайын болмаса, онда тәртіп те болмайды. Сол себепті, нысандардың барлығын қолға беру қажет. Осы орайда басқаруға алған адамның тарифтерді өсіріп жібермеуін ұдайы қадағалап отыру шарт.

Отырыста қарастырылған тағы бір мәселе – бұл “Қызылжар су” мен “Петропавл жылу желілерінің” жауапсыздығы. Құмар Ақсақаловтың сөзінше, кәсіпорындар жаңадан асфальт жабылған жерлерді қайта қазып, құбырларды алмастырады. Қалалық ТҮКШ бөлімі мен монополистер шаруаны келіспей атқарады. Ал істі тындырған соң кәсіпорындар қазған жерін, тіпті қалыпқа келтірмей кетеуді де әдетке айналдырған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Ққазақстан облысының әкімі:

– Осындай жағдайлар қайталанатын болса, онда монополистерді жазалау қажет. Айыппұл салу керек. Сонда олар қазған жерлерін жөндемей қалдырып кетуге қаймығатын болады. Олар заң бойынша жұмыс жүргізген жерді қалпына келтіруге міндетті.

Солтүстік Қазақстан облысында орман өрті өршіп тұр бүгінде. Салыстырар болсақ, 2018-дің 12 айында қызыл жалын 34 га алқапқа зардабын тигізген, ал осы жылдың алғашқы 5 айының өзінде 30 га орман отқа оранып үлгеріпті. Бұл статистиканы өңірдің бас құтқарушысы Рамиль Камалов жеткізді. Мұның басты себебі белгілі дейді ол. Аграрийлер өткен маусымнан алқапта қалған құрғақ шөп пен сабанды жағады, ал от салған аумақты қараусыз қалдырып кетеді. Аудан әкімдері тарапынан да бақылау жоқ.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Қолданыстағы заңға сәйкес, егер елді мекенде мемлекеттік өртке қарсы қызмет болмаса, орман және алқаптардағы өртті сөндіру аудан әкімінің құзыретіне кіреді. Бұл үшін облыс бойынша 32 өрт сөндіру бекеті, 411 өртке қарсы ерікті құрылым жасақталды. Бұған қарамастан, біздің мамандар елді мекендерді тастап, жүздеген шақырым жерге баруға мәжбүр. Осы уақытта тұрмыстық өрт бола қалса, оны сөндіруге техника жетпейді.

Бұдан бөлек, танаптағы құрғақ шөпті жағу салдарынан да ағаштар жанып жатады. Ол ол ма, республикалық және аудандық жолдардың бойындағы жасыл желек те отқа оранған жағдайлар баршылық. Алайда, жауапсыздарды жауапқа тарту шаруасы тиісті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ деді өңір жетекшісі. Мұның себебін де түсіндірді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Себебі, бұған еттеріңіз әбден үйренген. Жыл сайын осы жағдай қайталанады, ағаштар отқа оранады, табиғатқа залал келтіріледі. Кәніләлерді жазалайтын дәлелдік қорларыңыз да, ынталарыңыз да жоқ. Егер республикалық трасса маңында ағаштар күйіп жатса, “ҚазАвтоЖол”-ды жазалау қажет, аудандық трасса бойында ағаштар бей-берекет өртке оранып жатса, аудан әкімдерін жауапқа тарту керек. Сонда ғана жауапкершілік артады.

Бүгінге дейін ТЖД ормандардағы өртке себепші болған 39 тұлғаны анықтап, жауапкершілікке тартқан. Оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы небәрі 300 мың теңгеден сәл асады. Осы орайда алқаптардағы қалған-құтқан шөпті өртеу жердің құнарлылығына да теріс әсер етеді деді Құмар Ақсақалов.

Саят Ермек