МТРА жаңалықтары

95 жастағы тыл ардагерінің әңгімесі

Бүгінде Петропавлда Ұлы Отан соғысына қатысқан 50-ден астам ғана ардагер қалған. Бейбіт өмір мен ашық аспанымыз үшін біз оларға мәңгі қарыздармыз. Сондай-ақ, шаһарда 3,5 мыңға жуық тыл еңбеккері тұрады. Олар да кезінде тәуліктеп білдек алдында жұмыс істеп, жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты.

Саят Ермек – тілші:

– Бүгінде Петропавлда осынша тыл ардагері тұрады. 152-сі “ҰОС жылдарындағы ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталған. Майдангерлер Отанды сыртқы жаудан қорғаса, тыл жұмысшылары оларды оқ-дәрі, қару-жарақ, тамақ және киіммен жабдықтап тұрды. Күні-түні білдек пен конвеер алдында тер төккен ардагерлер де ұмыт қалмауы тиіс.

Одақ аспанына соғыс бұлты төнгенде Салья Назырова 17 жасар оқушы қыз еді. 42-ші жылы ол мектеп партасынан тура Киров атындағы зауытқа жұмысқа барады. Себебі, бойжеткен майдан шебіне аттанған отандастарға көмектің қажеттігін түсінді. Ол кезде зауыт байланыс құрылғыларын әзірлеп, ұрыс даласына жөнелтетін. Жас нәзік қыздың мойнына жүктелген міндет – радиоқабылдағыштар мен таратқыштарды жинау. Қиын болғанын тыл ардагері жасырмайды.

Салья Назырова – тыл ардагері:

– Майдан шебінен тапсырыс түсіп жатса, аяқ-қолымыздың шаршағанына қарамай, тәуліктеп конвеер алдында еңбектенуші едік. Зауыт ғимаратында шағын ғана асхана болатын. Сонда аздап ауқаттанып алып, тағы жұмысқа кірісеміз. Соғыс жалғасқан 4 жыл бойы осындай кестемен еңбек еткеніміз есімде.

Салья Назырованың қолымен жиналған құрылғылардың қанша қызыл әскер жауынгерінің өмірін құтқарғанын кім білсін?! Ол дәрігер болуды армандаған екен. Бірақ, соғыстан кейінгі жылдары да жұмысын зауытта жалғастыра беріпті. Өзінің өмірлік серігін де осы жерде кездестірген. Қария 40 жылдан астам уақытын осы өндіріс ошағына арнаған. Қызметін монтаждаушыдан бастаған ол бөлім басшысы болып зейнетке шығады.

Салья Назырова – тыл ардагері:

– Бірде-бір рет ескерту алып көрген емеспін, бәрі мені құрметтеп, жақсы көруші еді. Еңбек кітапшамда да бір ғана жазба бар. Зейнетке шыққан соң да төрт қабырғада қамалып отырғаным жоқ. Зауыттағы ардагерлер кеңесіне, “Қызыл қалампыр” ұйымына мүшелік еттім. Жастарға жұмыс барысын үйретіп, тәлімгер болдым. Өмірімді осы өндіріс ошағымен байланыстырғаныма еш өкінбеймін.

Салья Назырова айналасына қамқоршы болғаны соншалық, зауыттағылар оны “Мама” деген екен. Бұл жайтты 95 жастағы қария күліп еске алды.

Бір өкініштісі, кейуананың жұбайы мен жалғыз қызы өмірден өткен. Қазір оны інісінің зайыбы бағып-қағуда. Кәрілік келісімен, ардагердің денсаулығы нашарлаған.

Салья Назырова – тыл ардагері:

– Денсаулығым сыр беріп, мүгедек болғаныма, міне, 8-ші жыл. Бұған дейін қозғалыссыз жатпаушы едім. Белсенді өмір салтын ұстанатынмын. Қазір арбаға таңылғанмын, сондықтан дала былай тұрсын, балконға да өте сирек шығамын. Таза ауамен дем алып, серуендегім келеді, бірақ шама жоқ, әттең.

Медальдар, атақтар мен наградалар жететін қарияда. Жетіспейтіні бір – өзге туған-туыстарының жанашырлығы. Алайда, өзі саналы ғұмырын арнаған зауыт ұжымы, облыстық ардагерлер кеңесі, атқарушы билік өкілдері ұмытпай мереке сайын келіп, құттықтап тұрады дейді ардагер.

 

Саят Ермек