Мәдениет

«Салют, Победа!» атты әскери әндер байқауы өтті

Петропавлда облыстық «Салют, Победа!» атты әскери әндер байқауы өтті. Шығармашылық сайысқа қалалық кезеңнің жеңімпаздары мен қосымша білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері қатысты.  «Сұрапыл жылдардағы қыздар», “Боевые ордена”, “Солдатская пляска” мен «Три танкиста». Бұл – 1418 күнге созылған ҰОС туралы әндер. Шығармалардың әрбір жолында жауынгерлердің ерліктері мен Отанына деген махаббаты, туғандарына деген сағыныштары жырланады. Әскери форма киіп, қолдарына қару ұстаған ұл-қыздар туындыларды орындап қана қоймай, кішігірім сахналық қойылым да ұсынды.

Ирина Колодаева – Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы директорының орынбасары:

– Дәстүрлі «Салют, Победа» байқауының мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді тәрбиелеу. Жылма-жыл қатысушылардың саны артып келеді. Дайындықтары да күшеюде. Қазылар алқасы жас өнерпаздарды бірнеше критерий бойынша бағаламақ. Әнді орындауы, хореографиялық шеберліктері, сахнада өздерін ұстауы мен кішігірім спектакльдеріне назар аударылады.

Эльмира Садвокасова