МТРА жаңалықтары

Мәжілісмендер Петропавлдағы офтальмологиялық орталықта болды

Өңірде іс-сапармен Парламент Мәжілісінің 4 депутаты жүр. Халық қалаулылары аудандарды аралап, тұрғындармен жүздесуде. Ал бүгін олар осыдан бірнеше ай бұрын ашылған Петропавлдағы су жаңа офтальмологиялық орталықтың жұмысымен танысты. Депутаттар мұндағы медициналық қызметтердің сапасын бағамдап, пациенттермен тілдесті.

Заманауи офтольмологиялық орталық жұмысын бастағалы, міне 4-ші ай. Мекеме мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында салынған. Құйылған қаражат – жарты млрд теңгеден асады.

Александр Рылов – «Есіл-Диагностик» ЖШС офтальмологиялық орталығының директоры:

– Мен жеке инвестор ретінде бұл орталықты өз қаражатыма салдым. Яғни, облыстық, республикалық бюджеттен ақша бөлінбей, қазынада қалды. Мемлекет 200 млн теңгеге құрылғылар сатып алды. Келісім бойынша, орталық 15 жыл менің меншігімде болады. Осы уақыт бойы мекеме мемлекеттік тапсырыспен қамтылады. Кейін орталықты толығымен мемлекет меншігіне табыстаймын.

Яғни, инвестор мемлекеттік тапсырысты орындап, пайда табады, ал пациенттер сапалы медициналық көмек ала алады. Мұндай әріптестік ыңғайлы әрі тиімді дейді мәжілісмендер. Глаукома, катаракта – мұнда көз ауруларының көбі емделеді. Азаматтарға 9 дәрігер қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, жапонның және немістің заманауи қондырғылары пайдаланылады. Айта кетері, тек қалалықтар ғана емес, ауыл жұртшылығы да осында келіп, көздерін тегін емдете алады.

Александр Рылов – «Есіл-Диагностик» ЖШС офтальмологиялық орталығының директоры: 

– Жасалған келісім шарт бойынша, аудандық және қалалық емханалар өз пациенттерін бізге жібереді. Біз оларға мемлекеттік тапсырыс аясында тегін қызмет көрсетеміз. Тұрғындарға кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету үшін бізге 340 млн теңге бөлінді.

Халық қалаулылары орталық пациенттерімен әңгімелесіп, медициналық қызметтердің сапасын сұрап-білуде. Қызмет сапасына жұртшылық жоғары бағасын беріп отыр. Шынымен де, мұндағы 9 дәрігердің 6-уы – көз оталарын жасайтын білікті мамандар. Отадан шыққан пациенттер үшін 35 орындық стационар да бар. Мәжілісмендер мұндағы азаматтармен де тілдесті, олардың базыналарын тыңдады. Әсіресе, зейнеткерлер дәрі-дәрімектің бағасы қалтаны қағатынын айтуда.

Муршида Шаяхметова:

– Дәріханаға кірсең, бағалар күйіп тұр. Зейнетақымыз қажетті дәрі-дәрімек алуға жетпейді. Жұбайым да сырқат. Бір препарат – 6200, екіншісі – 1900, тағы бірі 2200 теңге тұрады. Сәл төмендетсе деген тілек бар.

Құралай Қаракен – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Шынымен де, қазір бір дәріханада басқа, екіншісінде басқа баға. Біздің сұрауымыз бойынша заңға өзгерістер енгізілді. Шілденің 1-інен бастап Қазақстанның барлық дәріханаларында бір өндірушінің препараты бірдей бағамен сатылатын болады. Айырмашылық болмайды.

Осымен бір аптаға жуық уақыт Парламент Мәжілісінің 4 депутаты СҚО-да іс сапармен жүр. Бүгінге дейін олар біршама аудандарды аралап, халықпен жүздесіп, бұйымтай-шағымдарын тыңдаған. Медицина саласында да мәселелер бар екен. Ауылдық жерлерде жедел жәрдем көліктері жетіспейді.

Кәрібай Мұсырман – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Түркістан облысындағы бір ауданда адам санына байланысты 9 жедел жәрдем көлігі бар екен. Ал біздің аудан орталықтарында 1 ғана көлік бар. Оқыс оқиға болса, ол адамның өмірін құтқаруға үлгермейді. Осы мәселеге қатысты біз тиісті министрлікке хат жолдадық.

Офтальмологиялық орталықтың жұмысы толығымен цифрландырылған. Бұл мәжілісмендердің көңілінен шықты. Сандық технологияларды өзге де емхана-ауруханаларға ендіріп, қағазбастылықтан арылу қажет деді депутаттар. Бірақ, алдымен ауылдағы ауруханаларды кең жолақты интернетпен қамту қажет. Бұл мәселе де бүгінде өзекті тұр. Себебі, көбіне ауылдық медициналық мекемелердің бұған қаражаты жетпей жатады. Мәжіліс депутаттары өңірде әлі екі күн болады. Іс-сапар барысында жұртшылықтың тыңдалған проблемаларын шешу үшін олар тиісті министрліктерге депутаттық сауалдар жолдамақ.

Саят Ермек