Спорт

Жерлесіміз аралас жекпе-жектен әлем чемпионатына жолдама алды

Жерлесіміз аралас жекпе-жектен әлем чемпионатына жолдама алды. Сәуірдің 26-сы мен 28-і аралығында елорда төрінде панкратионнан Қазақстан біріншілігі өткен болатын. Додаға 7 теріскейлік қатысып, екеуінің бағы жанды. Спортшыларымыз қола, күміс пен бас жүлде – чемпиондық белбеуді қанжығалап қайтты. Абсолютті салмақ дәрежесінде үздік деп танылған Владимир РудАк енді ел намысын Италияның Рим қаласында қорғамақ.

Бұл Владимир Рудактың алғашқы жеңісі емес. 25 жастағы азамат осыған дейін ел көлемінде екі мәрте чемпион атанған. Қазақстан бойынша қоян-қолтық ұрыс пен жекпе-жекте оған тең келері болмапты. Енді, қатарға панкратион да қосылды. Спорттың бұл түріне ол осыдан 4 жыл бұрын ден қойған. Қазір аралас жекпе-жектің дәстүрлі және элиталы түрлері бойынша бағын сынауда. Нұр-Сұлтан қаласында өткен ел біріншілігінде де Владимир осы екеуінде абсолютті салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, өңірге қанжығасын майлап оралған.

Владимир Рудак – панкратионнан ел чемпионы:

– Додаға еліміздің 14 облысы мен 3 қаласынан 200-ге жуық спортшы жиылды. Қарсыластарымның барлығы мықты болды. Финалдық жекпе-жекке Шығыс Қазақстаннан келген спортшымен шықтым. Кездесу қиынға соқты. Бірақ, бар күшімді жиып, үздік атандым. Дәстүрлі панкратион бойынша күмістен алқа тағынсам, элиталы түрінде чемпион атанып, 6 белбеудің бірін жеңіп алдым.

Бүркіт Ақтановтың қызметі тікелей спортпен байланысты. Ол Жамбыл ауданындағы 11-ші өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейді. Құтқарушы болуды армен еткен азамат кішкентайынан күреспен, қоян-қолтық ұрыспен айналысыпты. Ал панкратионмен 2015-тен бастап шұғылданады екен. Нәтижесі де жаман емес. Ел біріншілігінде 84 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Бүркіт қола жүлдеге қол жеткізді.

Бүркіт Ақтанов – панкратионнан ел чемпионатының қола жүлдегері:

–  Ел чемпионатында 3 кездесу өткіздім. Екеуін жығып, біреуінде есе жібердім. Алдағы уақытта жақсырақ дайындаламыз. Панкратионда қолды да, аяқты да қолдануға болады. Сонысымен ұнайды.

«Сұңқар» аралас жекпе-жек клубы 5 жыл бұрын құрылған. Сол уақыттан бері мұнда жаттығатын талай жігіттер чемпион атаныпты.

Алтынбек Нараш – «Сұңқар» аралас жекпе-жек клубының жаттықтырушысы:

– Бұл жарысқа арнайы бағдарламамен дайындалдық. Чемпионатқа баратын спортшыларымыз салмақтарын қадағалады. Кейбірі арнайы диета ұстанды. Жаттығуларды араластырып өткіземіз. Бір күнді – күреске, екіншісін – кикбоксқа, үшінші күнді физикалық жүктемеге арнаймыз.

Клубқа 100-ге жуық спортшы мүшелік етеді екен. Аралас жекпе-жекпен айналысатындардың ең кішісі – 7-де. Бұл спорт түріне де қызығушылық қыздар тарапынан да бар көрінеді. Алдағы уақытта клуб басшылығы нәзікжандыларға да арнап үйірме ашпақ ниетте.

Эльмира Садвокасова