МТРА жаңалықтары

Ботаникалық бақта анар ағашы гүлдеді

Таңғажайып құбылыс. Петропавлдағы ботаникалық бақта анар ағашы гүлдеді. Бұл сәтті оранжерея қызметкерлері 10 жыл бойы күткен. Гүлдердің кейбірі тіпті тозаңданып, бүгінде жеміс бере бастаған. Күзге таман олар үлкейіп, қызарып пісуі тиіс.

Анар – бұл субтропикалық жеміс, сондықтан ол Орта Азия болмаса, солтүстіктің ызғарында тіпті өспейді. Бірақ, Петропавл ботаникалық бағында бәрі мүмкін. Анар ағашының 6 түбі мұнда 10 жыл бұрын Германиядан әкелінген. Қалыпты температура мен қажетті жарықтың арқасында талдардың 2-уі өсіп, өніп, міне, биыл бірінші рет гүлдеп отыр. Гүлдерді бақ қызметкерлері жасанды тозаңдандырған да. Нәтижесі – көз алдарыңызда.

Равиль Рязапов – Ботаникалық бақтың бас агрономы:

– Аналық гүлдердің бірнешеуі сәтті тозаңданып, жемістердің бастары көріне бастады. Шілденің соңы мен тамыздың басына қарай олар пісіп, көлемі бірнеше есеге ұлғаяды. Бастысы – тиісті күтім болуы тиіс.

Сену қиын әрине, бірақ бұл үлкен сап-сары жеміс те өзіміздің бақта піскен. Бұл – кубалық лимон. Отанында оны пандероза дейді. Жемістің салмағы бақандай 1 келі 300 грамм болады. Бұл – былтырғы түсім. Биыл да лимон ағашы мол өнім беруі тиіс дейді, ботаникалық бақтың бас агрономы.

Равиль Рязапов – Ботаникалық бақтың бас аграномы:

– Өткен маусымда бұл ағаш 10 шақты лимон берді. Өңіраралық ынтамақтастық форумы кезінде бізге Даниял Ахметов пен Татарстан Президенті келген болатын. Оларға бір-бір лимоннан сыйға тарттық. Биыл ағаш 60-қа жуық жеміс береді деп болжап отырмыз. Міне, мына жасыл өскінде күзге қарай мынадай үлкен лимонға айналады.

Саят Ермек – тілші:

– Ал, бұл – Пәкістандық лимон. Кубаның пандерозасына қарағанда оның көлемі біршама кіші. Супермаркет сөрелерінде толып тұрған бұл лимон ботаникалық бақта емін-еркін өсіп тұр. Биыл ағаш біршама гүлдеп, 50-ге жуық жеміс берген. Алайда олардың басым бөлігі бақтың қызметкерлері мен қонақтарына тарту етіліпті. Бүгінде тек 2-3 ғана өсіп тұр.

Бұл бақта өсіп-өнетін экзотикалық жеміс-жидектердің тек бір парасы ғана. Таң қалдырары, жазғы уақытта мұнда ағаш басында пісіп тұрған мандардариндерді әрі банандарды да көруге болады. Мәселен, мына жап-жасыл, кіп-кішкентай інжір жемістері небәрі екі айдан соң жетіліп, қызарып шыға келмек.

 

 

Саят Ермек