Қоғам

Рамазан айы мамырдың 6-сы күні бастау алады

Асыға күткен Рамазан айының басталуына сәл ғана уақыт қалды. Биыл мұсылман қауым мамырдың 6-сы мен маусымның 4-і аралығында ораза ұстайды. Яғни, осы уақыт аралығында нәпсіні тиып, жаманнан алыстап, бес парыздың бірін орындайды. Қасиетті 30 күнде өңірімізде ауызашарлар беріліп, бірталай қайырымдылық іс-шара өткелі отыр.

Он екі айдың сұлтаны – Рамазан келе жатыр. Бұл қасиетті де қадірлі уақыт аралығында балиғат жасына жеткен әрбір мұсылман баласы 5 парыздың бірін орындауы қажет. Яғни, ауыз бекітіп, ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылуы шарт.

Кенжетай қажы Байкемелұлы – облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

– Қол аяғы балғадай, дені сау, ешқандай жолаушы емес әрбір мұсылманға ауыз бекіту парыз болып табылады. Ораза кезінде ішіп-жеуден, жақындық қылудан таң атқаннан кеш батқанға дейінгі аралықта тыйылу керек. Сағыз шайнауға да болмайды. Өйткені, сағыздың сөлі бар. Ол сөл асқазанға кетеді.

Ал қатты ауырған жандар мен жолаушыларға оразаны кейінге қалдыруға болады. Бала емізетін аналар да солай. Олар Рамазан айында емес, біршама уақыт өткен соң дәл осы діни амалды жасап, қазасын өтей алады. Бұлай шариғатта бұйырылыпты. Негізі, ауыз бекітудің пайдасы зор. Тамақтан тыйылған адам бір үзім нанның, бір жұтым судың қадірін түсінеді. Рухани жаңғырып, өзінің жан-дүниесін тазартады. Шыдамды, сабырлы болуды үйренеді дейді дін өкілдері.

Кенжетай қажы Байкемелұлы – облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

– Пайғамбарымыздың мен бір хадисін айтайын. “Ораза ұстау – ішіп-жеуден ғана тыйылу емес, ол барлық іс-әрекеттен, өсек, өтірік, ғайбаттардан тыйылу болып саналады” – дейді.  Біріншіден, оразаны Алланың ырзалығы үшін ұстаймыз.

Рамазан айында қайырымдылық көп жасау қажет. Мұндай іс-шаралар биыл өңірімізде 30 күн бойы өтпек. Мәселен, 9 мамырда теріскейлік кәсіпкерлер 500 адамға дастархан жаюды жоспарлап отыр. Одан қалды көпбалалы отбасыларға азық-түлік үлестіріледі. Тағы, жағдайы төмен 1 жанұяға пәтер немесе қаржы берілмек. Түрлі этнос өкілдері жұршылыққа ауызашар жаяды.

Кенжетай қажы Байкемелұлы – облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

– Рамазан айында жасалған қайырымдылықтың сауабы көп. Егер де адам ауыз бекіткен адамға ауызашар берсе, сауабын алады.

Айта кетейік, биыл қасиетті Рамазан айы мамырдың 6-сы мен маусымның 4-і аралығына келіп отыр. Яғни, мұсылман бауырлар 5-сінен 6-сына қараған түні таңғы 3-тен 18 минут кеткенде ауыз бекітуі міндетті. Қадір түні мамырдың 31-іне түсіп түр. Кейін 4 маусым күні Ораза айт басталады.

Култанов Байболат