Халық тарих толқынында

Ардагерге құрмет

Фашистердің 4 самолетін атып түсіріп, Ленинград блокадасын жаудан азат етуге қатысқан. Бұл – қарт майдангер Александр Тищенконың естеліктері. Ол туралы қария жас сарбаздарға баяндап берді.

Александр Тищенко соғыс басталғанда небәрі 17 жаста болған. Сол себепті, оны алғашында әскер қатарына алмапты. Майдан даласына тек бір жылдан соң ғана аттанған.

Александр Тищенко – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Менен қайда барасың деп сұрады. Мен пулеметчик боламын дедім. Бірақ, ол кезде бұл істің қаншалықты ауыр екендігін түсінбедім. Күн-түн демей қаруыңды тасып жүру қажет. Ең бастысы самолеттерді дәл көздеп атуды үйрендім.

Соғыс жылдары жаудың нақ қанша самолетін атып түсіргені 95 жасты алқымдап қалған Александр Тищенконың есінде жоқ. Бірақ, сол кезде «жауды жіберіп алмау керек» деген тапсырманың қойылғандығын ұмытпаған.

Александр Тищенко – Ұлы Отан соғысының ардагері:

 – Ленинград қаласын жаудан азат етуге қатысқанымда 4 самолетті жібермей, атып түсірдім. Сол үшін алғашқы награда – Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталдым. Кейін жарақат алып, қаңсырап жатқаным есімде. Сосын жараланғандарды біртіндеп госпитальға жатқызды.

Емделіп шыққан соң Александр Тищенко қайтадан майдан даласына аттанады. Кенинсберг қаласына дейін жетіп, сол жерде жеңісті қарсы алыпты. Ал елге тек 1950 жылы ғана оралған. 3 жыл МАИ-да еңбек етіп, кейін ширек ғасырға жуық уақыт желілік полиция бөлімінде жұмыс істепті. Айта кетейік, сұрапыл жылдар аяқталған соң мұнда 28 ардагер қызмет атқарған екен. Қазір тек Александр Тищенко ғана қалған.

Есболат Шаймерденов – Көліктік полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– 3 соғыс ардагері бар. Біреуі-Петропавл, екіншісі – Тараз қаласында, үшіншісі – «Защита» станциясында. Біз жыл сайын оларға осындай құрмет көрсетеміз. Ардагерлерді біз әдейі шақырамыз. Олар өздерінің соғыс жылдары бастан өткергендерін айтады, осы уақытқа дейін қалай жеткендерін.

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні қарсаңында бейбіт күнді жақындатуға үлес қосқан қарт майдангерлерге сыйлықтар және ақшалай сыйақылар табыс етілді. Нақ осындай марапат тыл еңбеккері Анатолий Урсовқа да берілді.

 

 

Магжан Ахмадина