Кешкі жаңалықтар

Арнайы репортаж 01.05.2019

Байболат Бектемірұлы:

– Ұлаңғайыр Атырау мен Алтайдың, күнгей мен теріскейдің арасын 130-дан аса ұлт өкілі мекен етеді. Олар өзерінің салтарын сақтайды, дәстүрлеріне берік. Еліміздегі әр мерекені думандатып, атап өтеді. Бүгін сондай мейрамның кезектісі . Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мейрамды солтүстікқазақстандықтар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында думандатып тойлауда.

Бүгін күн салқын. Бірақ, бұл мерекені тойлауға келген түрлі ұлт өкілдері үшін еш кедергі емес. Олар қаламыздың басты алаңында өздерінің салт-дәстүрлері, дәмдері мен қолөнер бұйымдарын көрсетіп, мейрамды ерекше көңіл күймен қарсы алуда. Мәселен, мына жерде М.Жұмабаев ауданынан келген қонақтар орыс халқының өнерін паш етуде.

Серік Ысқақов – М.Жұмабаев аудандық мәслихатының бас маманы:

– Орысша, қазақша әндер айтамыз. Мына келіншектер де ән айтады. Көп дайындалған жоқпыз. Кеше мерекені өз ауданымызда тойладық. Елімізде тек қана бейбітшілік, тыныштық болсын.

Көп кешікпей мерекенің негізгі бөлімі де басталып, театрландырылған қойылым көрсетілді. Өнерпаздар ән шырқап, мың бұралған қыздар би биледі. Көкке шар жіберіліп, мейрамның сәнін келтірді. Бұдан соң, жиналған жұртшылықты Қазақстан халқының бірлігі күнімен облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Тәуелсіздігіміздің тірегі – тұрақтылық пен татулық. Осы байлығымызды сақтап әрмен қарай дамыту керекпіз. Ол әрқайсымыздың үлкен парызымыз. Мереке құтты болсын ағайын. Баршаларыңыздың отбасыларыңызға амандық тілеймін.

Құттықтау сөзден кейін, бірқатар солтүстікқазақстандық құрметке бөленді. Өңіріміздегі бірлікті, ұлтаралық келісімді дамытуға қосқан үлесі үшін 5 жерлесімізге аймақ басшысының Алғыс хаты мен Құрмет грамотасы табысталды.

Мереке мұнымен аяқталған жоқ. Алаңға жиылған жұртшылықты жерлесіміз, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман құттықтап, бірлік, бақыт, береке тіледі. Бұдан соң, сахнаға өнерпаздар шықты. Алдымен «Құрмет» орденінің иегері, эстрада жұлдызы Тамара Асар бой көрсетті. Ол бірнеше ән орындап, теріскейліктерге маңғаз дала Маңғыстау елінің жалынды сәлемін жеткезді.

Тамара Асардан бөлек жиналғандар елімізге танымал тағы бір жан қара күштің иесі – Сергей Цырульниковтың да өнерін тамашалады. Ол теріскейліктермен шағын сайыс ұйымдастырды. Алдымен өзінің 27 келілік қылышын жігіттерге бір қолымен тік көтерті. Ал, нәзік жандыларға шар ұстатып, өзі резеңке жылытқышты үрлеп жарысты. Бұл тапсырманы батырдың өзі бірінші орындап, көпшілікті таң қалдырды. Қонақтың шеберлігін облыс әкімі Құмар Ақсақалов та көрді. Білікті жігіт жерлестеріміз алдында қос шегені майыстырып, аймақ басшысына табыстады. Сергей қызылжарлықтарды мерекемен құттықтай келіпті.

Сергей Цырульников – күш қолданатын нөмірлер арасындағы 4 дүркін әлем рекордшысы:

– Тұрғындар өте қонақжай. Мерекеде осы жерге келіп, өз өнерімді көрсетіп жатқаныма қуаныштымын. Бүгін өте тамаша мейрам – Қазақстан халқының бірлігі күні. Біз үнемі жұмылған жұдырықтай мығым, берік болуымыз қажет. Сонда алар асуымыз биік болады. Солтүсікқазақстандықтарды мерекемен құттықтаймын.

Басты алаңға келіп, мерекеге орай ұйымдастырылған іс-шараларды көрген ағайының көңілі көтеріңкі. Олар да тұрғындарды мейраммен құттықтап жатыр.

– Біздің елімізде өзге ұлт өкілдері өте көп. Айтулы мерекемен тұрғындарды құттықтаймын. Бақыт қуаныш тілеймін.

– Көңілім күйіміз керемет. Әрқашан жұртымыз тыныш, еліміз аман болсын.

– Концерт ұнап жатыр. Барлық қазақ халқын бірлік күнімен құттықтаймыз.

Мерекелік кештің негізгі бөлімі аяқталған соң да думан жалғасты. Ортада жергілікті әншілер өнер көрсетіп, жұртшылықтың көңілін көтерді.

************

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Концерттік бағдарлама, ұлттық ойындар мен қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі. Шаһардың орталық алаңында да қызық аз емес. Бірлік күнін тойлауға келгендердің қарасы қалың. Мерекені атап өтуге тіпті бір күнде мың құбылатын ауа райы да кедергі келтірмеді.

Бейбіт, көпұлтты, бірлігі жарасқан ел. Осы бірнеше сөз арқылы Қазақстанды сипаттауға болады. 130-дан астам ұлт өкіліне пана болған мемлекетте әр адам өзінің туған тілінде сөйлеп, мәдениетін дамыта алады.

«Сомониён Север» тәжік қауымдастығының мүшелері бүгінгі мерекені өздерінше ерекше атмосферада тойлап жатыр. Ұлттық киім киіп, қолдарына музыкалық аспаптарын ұстаған жас жігіттер әуелете ән шырқаса, нәзікжандылар мың бұрала би белеуде.

Абу Амиршоев, «Сомониён Север» тәжік қауымдастығы» ҚБ мүшесі:

– Мерекенің біздің еліміз үшін маңызы өте зор. Барлық этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрудеміз. Өз басым Қазақстан елінде туып өстім. Мұнда ана тілімізде сөйлеп, оны терең оқуға барлық мүмкіндік жасалған.

Бесбармақ, чак-чак, самса, құймақ пен палау. Аталғандардың барлығы – әр түрлі этностың ұлттық тағамдары. Бұл астан дәм татпаған қазақстандық жоқ шығар. Қазір олар бір дастарханға қойылып, қонақтарға ұсынылады. Алайда, тәжіктің гуштбирен, немістің креблиі мен кәрістің сушиі сынды тағамдар әр жанұяда дайындала бермейді. Сондықтан, облыстық ассамблея мүшелері тұрғындарға арнап арнайы шеберлік сағатын ұйымдастыруды жөн көрген. «Видергебурт» этномәдени орталығының белсенділері тәттінің рецептімен бөлісіп, дайындалуын түсіндіріп берді.

Эльвира Родина, «Видергебурт» неміс этномәдени орталығының мүшесі:

– Бұл – біздің әжелерімізден қалған рецепт. Кішкентайымнан кребли жеп өстік деп айта аламын. Әдетте таңғы асқа дайындап беретін. Қамырға айран, жұмыртқа, тұз, қант, ас содасы мен ұн қажет. Нанды илеп болғаннан кейін, оны турап, майға қуырамыз. Өте тәтті тағам. Әрбір отанасына дайындап көруге кеңес береміз.

Қыз-келіншектер немістердің кребли тағамын дайындауды үйреніп жатса, қаламыздың кішкентай тұрғындары спорттық сайыстарда сынға түсіп жатыр. Бірі – асық атып, ал екіншілері гір көтеруде мықтыны анықтауда. Ержігіттердің жарысына, тіпті нәзікжандылар да қатысып, бақтарын сынамақ ниетте. Ал, бұл – белбеу-арқан тарту ойыны. Ептілік пен мықтылық сыналатын дода.

Әлихан Серік:

 – Маған осы сайыс ұнады. Мен жеңдім. Менің күреспен айналысып жүргенімен жарты жыл болды. Сондықтан, мен жеңдім.

Осымен 23-ші жыл қатарынан тойланып жатқан мерекені атап өтуге барлық Петропавл тұрғындары жиылды. Қалалықтар бір-бірін мейраммен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.

– Барлық қазақстандықтарды мерекемен құттықтаймын. Денсаулық пен ашық аспан тілеймін.

– Мереке құтты болсын. Армандар орындала берсін.

– Күшіміз – бірлікте!

*************

Саят Ермек – тілші:

– Мемлекеттік әрі ұлттық мерекелерімізді аулаларда атап өту – жақсы дәстүрге айналып келе жатыр Петропавлда. Міне, бүгін 1 мамыр – бірлік күнінде де қатардағы қалалықтар үйлерінің алдына шығып, көңіл көтеріп, мейрамды дүркіретіп тойлауда.

Құттықтаулар түрлі ұлттың тілінде жолданды. Аталған ауладағы мейрамды 17-ші ұлттық өркендеу мектеп-кешені ұйымдастырып отыр. Бұл білім ошағында 22 ұлт өкілі білім алады. Мұнда олар өз тілдерін меңгеріп, дәстүрлерін сақтап қана қоймай, бейбітшілік пен келісімде өмір сүруді үйренеді.

Ләззат Жолмұқанова – №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің директоры:

– Ең әуелі, достық дейді ғой. Достықтың арқасында бейбітшілік те болады, денсаулық та болады. Сондықтан, бүгін осындай мейрамды өзімізде өткізіп жатырмыз. Осы мекен жайда біз үшінші жыл өткізіп жатырмыз. Себебі, біздің мектеп көпұлтты болғасын, бұл біздің мейрамымыз. Осы мейрамның арқасында тәрбиелейміз балаларымызды.

Шағын ғана сахнада ұлттық билер биленіп, патриоттық әндер шырқалуда. Сондықтан мерекеге келгендер бірнеше ұлыс өкілдерінің мәдениетімен таныса алды. Жалпы ұйымдастырылған концерт тұрғындардың айызын қандырды. Ал балақайлар болса ойын-сауық құруда. Дастарханға да ерекше көңіл бөлінген мұнда. Үстелдегі тәтті-жұмсақтың көптігі мен сан-алуандығы көз қуантады. Әзірбайжанның долмасы, өзбектің палауы, орыстың бәліші мен қазақтың бесбармағы. Мұның бәрін оқушылар, ұстаздар мен ата-аналар бірлесе әзірлеген.

Ләззат Бурабаева – қала тұрғыны:

– Менің әзірлегенім – бәліш пен мына бүкпе. Әрбір әйел адамның өзіндік дайындау тәсілі болады. Мен өз әдісіммен жасап, алып келдім. Қуана-қуана, осындай мейрамдарға бала шағамен жиналып, жүре берейік!

Мейрам тек бір ғана емес, бірнеше аулада тойланды. Бөкетов көшесі бойындағы үйлердің алдында да мерекелік атмосфера орнаған. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін аулаға шығып, би билеп, сауық-сайран құрып жүр. Мұнда да кең дастарханы жайылып, қазақтың қара домбырасы күмбірлеуде.

– Кішкене жүрейін деп далаға шыққанмын. Бәрі жақсы болып жатыр, құлындарым. Аманшылық болсын, жастар жасай берсін!

– 1-мамаыр құтты болсын! Бәріне тыныштық тілеймін.

– Пусть наша страна не знает никаких военных конфликтов и пусть всегда у нас все будет хорошо! Алға, Қазақстан!

***************

Қазақстан халқының бірлігі күнін айыртаулықтарда бар сән-салтанатымен атап өтті. Бұл күні Саумалкөл ауылының орталық алаңына жиылған халықтың қарасы қалың болды. Оларды осынау жарқын мейраммен аудан әкімі Бейбіт Исманов құттықтап, игі тілегін жеткізді.

Бейбіт Исманов – Айыртау ауданының әкімі:

– Қазақстан халқының бірлік күнімен құттықтаймын. Бұл күні ыстық ықылас, отансүйгіштік пен жалпы ұлттық келісім мерекесі.

Салтанатты шарада бірлік пен ынтымақты ту етіп, ауданның дамуына өз үлесін қосқан бірқатар азаматтар марапатқа ие болды.

Давид Духекян – Армян мәдениеті орталығының жетекшісі, Айыртау ауданы:

– Осындай жарқын мерекеде, еңбегім еленіп жатқанына қуаныштымын. Біздің орталықта 40-қа жуық армян халқының өкілі бар. Біз Қазақстандағы әр мерекені тойлаймыз. Көптеген ұлт өкілдерімен бірге біз де тату-тәтті өмір сүріп келеміз.

Мына жерде елімізді мекендеген түрлі ұлт өкілдерінің киімдері мен тағамдары арнайы көрмеге жайғастырылыпты. Ал сахна төрінде жергілікті өнерпаздар ән-биден шашу шашты.

-Құрметті Солтүстікқазақстандықтар 1 мамыр күнімен, бірлік ынтымақ күнімен шын жүректен құттықтаймын. Тілейтінім зор денсаулық ҚР азаматтары барлығы аман-есен. Бірлік пен тірлік жасай берсін

-Барлық Қазақстан халқын бүгінгі мерекемен құттықтаймын.

Мереке күні Саумалкөл ауылында 80 пәтерлі үй қолданысқа берілді. Баспанаға ие болып жатқан тұрғындарды облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев құтақтады.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

 –  Құрметті достар сіздерді бүгінгі қуаныштарыңызбен және бірлік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Алған шаңырақтарыңыздың іші қуаныш пен шаттыққа толы болсын. Әр отбасыға зор денсаулық тілеймін.

Құттықтау сөзден соң Асқар Сақыпкереев қуанышты баспана иелеріне пәтер кілттерін табыс етті. Көптен күткен үйіне қол жеткізгендердің бірі – Гүлнәр Махметова. Көпбалалы отбасы бұған дейін аядай ғана жерде тұрып келген. Күзетші болып жұмыс істейтін отағасының тапқан қаражаты керек-жарақтан артылмайтын көрінеді.

Гүлнар Махметова – көпбалалы ана:

 – Көптен күткен пәтерім. Қуанышым қойныма сыймай тұр. 10 жыл күткен квартирам. 5 ұлым бар, 1 келінім бар. Немерем бар. Воскресеньевка ауылында тұрдық, прописка осы жерде болды. Сонда тұрып бала шағаны көтердік.

Мерекеде баспаналы болғандардың қатарында алтын құрсақты аналардан бөлек, балалар үйінің түлектері және мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Солардың бірі 2-ші топтағы мүгедек Кәукәр Тасболатова. Ол 2 бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды.

Кәукәр Тасболатова -Саумалкөл ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:

 – Өте жақсы қуанып тұрмын….Бұған дейін қызымның қолында тұрдым. Семьямыз үлкен. Бала бар, жетім бала өсірдім. Алты кісі тұрдық. Бір комнатада. 3 жыл, енді міне дождалась әйтеуір, очередьта тұрдым.

Аталмыш көпқабатты баспана кеңес үкіметі кезінде салынған екен. Тозығы жеткен үй күрделі жөндеуден өткізіліп, газ бен жарық, ауыз су тартылған. Нысанды қалыпқа келтіру үшін облыстық бюджеттен 300 млн теңгеге жуық қаражат бөлініпті. Жалпы Айыртау ауданында бүгінде 1000-ға тарта адам тұрғын үй кезегінде тұр.