Спорт

Жерлес велошабандоздар Азия Чемпионатында жарады

6 бірдей алтын, 2 күміс пен 3 қола. Велоспорттан Азия чемпионатында Қазақстан Республикасының құрамасы осындай нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте топ жарды. Халықаралық біріншілік сәуірдің 23-і мен 28-і аралығында Өзбекстан астанасы -Ташкентте өткен болатын. Ел намысын ұлттық құрама сапында 5 солтүстікқазақстандық спортшы қорғады.

Азия чемпионатының жүлдегерлерін жерлестері осылай, тік тұрып, ду қол шапалақпен қарсы алды. Үстел басында Махаббат Үмітжанова, Наталья Сайфутдинова және Алина Саркулова отыр. Бұл жерлес велошабандоздар Ташкенттегі бәйгеден қанжығаларын майлап оралды. Наталья мен Махаббат командалық жарыста әйелдер құрамасының сапында өнер көрсетіп, күміс жеңіп алды. Алдымызды орап кеткен – кореялық қыздар.

Наталья Сайфутдинова – шосседегі велоспорттан 39-шы Азия чемпионатының күміс жүлдегері:

– Трассаға 5 құрама шықты. Корея, Жапония, Өзбекстан мен Гонконг шабандоздарына қарсы өнер көрсеттік. Бәсекелестік жоғары. Шыны керек, чемпионатқа дайындығымыз шашыраңқы болды. Мен – Тайландта, ал Махаббат Бельгияда әзірлендік. Өзге құрамалас қыздармен біріншілік алдында ғана кездестік. Бұған қарамастан, жүлде еншілеп, жақсы нәтиже көрсеттік. Өте қуаныштымын.

Ал Алина Саркулова болса – бұл біріншіліктің дебютанты. 19 жастағы бойжеткен ел намысын 115 шақырымға созылған топтық жарыста қорғаған болатын. Трассаның қиындығына, тәжірибенің аздығына және бәсекелестіктің жоғарылығына қарамастан ол қола еншіледі. Алайда, спортшы өз нәтижеме көңілім толыңқырамайды дейді.

Алина Саркулова – шосседегі велоспорттан 39-шы Азия чемпионатының күміс жүлдегері:

– Әрине, алтыннан үміттенген едім. Алайда, қытайлық және въетнамдық қыздарды алдыма жіберіп алдым. Таулы жер болғандықтан, жоғарыға өрлеу қиынға соқты. Бірақ, мен мұндай халықаралық додада бірінші рет өнер көрсетіп отырмын. Аладғы уақытта тәжірибе жинап, бұдан да жақсы нәтижелерге қол жеткіземін деп ойлаймын.

Тағы екі солтүстікқазақстандық шабандоз Жандоз Бижігітов пен Артем Захаров командалық сында трассаға шыққан болатын. Нәтижесінде Қазақстанның ерлер құрамасы бұл бәйгеде алтын еншілеп, Азия чемпионы атанды.
Негізі, Өзбекстан астанасы қабылдаған биылғы құрлық біріншілігі Қазақстан құрамасы үшін табысты болды. Спортшылар қоржынға 6 бірдей алтын, 2 күміс пен 3 қола салып, жалпықұрамалық есепте топ жарды. Айта кеткен жөн, Азия біріншілігі – бұл келер жылы Токио қабылдайтын 4 құрлық додасына іріктеу. Әзірге, олимпиадалық лицензияны бір ғана отандық велошабадоз жеңіп алды. Теріскейлік ұл-қыздардың 4 жылдықтың басты бәйгесіне жолдама алу мүмкіндіктері жоқ емес, әлі де бар.

Саят Ермек