Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тұрғын үй сұрақтарына қатысты мемлекеттік қызметтер

Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында қаламызда тұрғын үй сұрақтарына қатысты 1100-ден аса мемлекеттік қызмет көрсетіліпті. Статистикаға сүйенсек, көбіне адамдар есеп пен кезекке тұрған және баспананы тұрақты түрде пайдалану жөнінде анықтама алған екен.

Тағы, жерлестеріміз 38 мәрте қоныстарын мемлекеттік тұрғын үй қорынан жекешелендіріпті. Айта кетейік, бүгінгі күні 13707 петропавлдық баспана кезегінде тұр. Олардың басым бөлігін жергілікті атқарушы органдарда еңбек ететін мамандар құрайды. Одан кейінгі кезекте халықтың әлжуаз топтары мен жетім балалар тұр. Болашақта көпбалалы отбасылар жеке категория болып есептелмек. Яғни, 4 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған жанұяларға баспана қарастырылмақ. Бүгінде облыс орталығында мұндай 214 шаңырақ бар.

Эльмира Смағұлова – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің сектор меңгерушісінің міндетін атқарушы:

–  Бұрындары көпбалалы отбасылар халықтың әлжуаз топтары қатарында болды. Енді, жеке шығарылып, жаңа категория ретінде бекітіліп жатыр. Алғашқы жартыжылдықта 100 пәтерлік үй қолданысқа беріледі. Олардағы пәтерлер / сатып алу құқығынсыз әлеуметтің әлжуаз топ өкілдеріне үлестіріледі. Тағы, жылдың соңында 93 пәтерлі нысан халық игілігіне тапсырылады.

Байболат  Култанов