Спорт

Солтүстікқазақстандықтар Нұрқожа Қайпановты қарсы алды

Кеше кешке Петропавл халықаралық әуежайына еркін күрестен Азия чемпионы Нұрқожа Қайпанов мінген ұшақ келіп қонды. Сары құрлықтың үздігі атанып, ел мерейін асырған ұланды солтүстікқазақстандықтар құшақ жая қарсы алды. Күтіп алуға келгендердің арасында жаттықтырушылар, палуанның ізбасалары және біздің арнаның түсірілім тобы да болды.

Сағат тура 18:05-те Қайпанов мінген ұшақ Петропавл халықаралық әуежайына келіп қонуы тиіс еді. Алайда, әуе кемесі 10-15 минуттай кешікті. Бірақ, бұл палуанды күтіп алуға келген ағайын үшін кедергі болмады. Олар “Нұрқожа, чемпион!” деп дауыстап тұрды. Көп кешікпей сары құрлықтың үздігі де келді. Оны жиналған жұртшылық құшақ жая қарсы алды.

Айта кетейік, Нұрқожа Қайпанов – еркін күрестен Қазақтан, Азия чемпионатын ұтқан тұңғыш солтүстікқазақстандық. Оған дейін бірде-бір теріскейлік палуан бұл белесті бағындыра алмады. Енді, жоғары санаттағы медаль еншілеген спортшымыз бар. Жерлесіміз Азия біріншілігінде 3 кездесу өткізіпті. Алдымен – Иран, кейін – Түркімен, финалда Жапония елінің өкілін айқын ұтқан. Сөз барысында бозкілем шебері өзінің оң жамбасына келетін әдістерді айтып берді.

Нұрқожа Қайпанов – еркін күрестен Азия чемпионы:

– Боковой проход өзімнің сүйікті әдісім. Положениеде күрескенді жақсы көремін.

Азия біріншілігіне палуан жақсы әзірленіпті. Алдымен – Алматыда, кейін Беларусь елінде жаттыққан. Онда әлемнің 10 шақты елінің спортшыларымен иық тірестіріп, тәжірибе жинақтаған екен. Бұдан соң, тағы оңтүстік астанада дайындалған. Тұңғыш солтүстікқазақстандық чемпионды Аян Бейсембаев есімді азамат 7-ші сыныптан бастап жаттықтырады. Осы кісі жерлесіміздің жеке қасиеттерімен жақсы таныс.

Аян Бейсембаев – Нұрқожа Қайпановтың жаттықтырушысы:

– Айтқанды орындайды. Тапсырмаларды бұлжытпай орындайды. Оның бәрі тәрбиесіне байланысты. Тәрбиесі өте жақсы. Сол үшін ата-анасына алғыс айтам.

Енді, Нұрқожа Қайпанов күзде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін әлем чемпионатында бақ сынайды. Одан кейін салмағын 70-тен 74 келіге дейін көтермек. Осылайша 2020 жылы Жапония елінде өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға ниетті.

Байболат  Култанов