Денсаулық сақтау

Сәуірдің 28-і – Жедел жәрдем қызметінің күні

Бас, асқазан ауруы, қан қысымы, дене қызуының көтерілуі, жол апаты мен өрт оқиғасы. Облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының мамандары күн-түн демей 500-ден астам шақыртуды қабылдайды екен. 103 нөміріне хабарласқан науқастардың шағымын 6 адам тыңдап, мекен жайға өңір бойынша 49 бригада жолданады.

Бұл – облыстық жедел-жәрдем қызметінің диспетчерлік орталығы. Бас, асқазан ауруы, қан қысымының көтерілуі, жол апаты мен өрт оқиғасы. Мамандардың қабылдайтын шақыртулары әр түрлі. Бұрындары ақ халаттылар бірінші болып хабарласқан науқасқа барса, қазір олар алдымен алғашқы көмектің кімге аса қажет екенін анықтайды. Бұл ретте 4 санат бар. Біріншісіне мамандар 10 минут ішінде жетулері тиіс. Себебі, мұндай шақырту адам өміріне қауіп төніп тұрғанын білдіреді.

Асхат Өтебаев – облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының бас дәрігері:

– Бізде 12 бригада жұмыс істейді. Одан бөлек, 4-ші санаттағы шақыртуларды қабылдайтын емханалардың 7 бригадасы бар. Ал аудандарымызда жалпы 20 жедел жәрдем жұмыс істейді.

2019 жылдың 1-ші наурызынан бастап колл-орталық барлық солтүстікқазақстандықтардың қоңырауларын қабылдайтын болды. Мамандар шақыртудың санатын белгілеп, кейін оны бригадаға жеткізеді. Аудандық ақ халаттылар үшін де тәртіп сондай. Мұнда қызмет ететін жандарға талап жоғары. Олардың 10 жылдан астам фельдшерлік еңбек өтілі болуы тиіс. Себебі, жедел жәрдем діттеген жерге жеткенше / мамандар қажет болған жағдайда науқастың қасындағы адамға алғашқы көмектің көрсетілу ретін түсіндіреді. Бұндай жауапты міндетті күнделікті Наталья Акимова атқарады. Нәзікжанды 21 жыл фельдшер болып еңбектенсе, соңғы 12 ай – диспетчерлік қызметте.

Наталья Акимова – облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының диспетчері:

– Біз қоңырау қабылдағаннан кейін барлық қажетті ақпаратты сұраймыз. Яғни, науқастың аты-жөні, жасы мен мекен жайын білеміз. Кейін шағымдары тыңдалынады. Кейбір тұрғындар консультация алу үшін хабарласып жатады. Эпидемиологиялық маусымда қоңырау шалатындардың саны көп болады.

Қоңырау шалынды, шағым тыңдалғаннан кейін, іске / сақадай-сай тұрған бригада кіріседі.
Ал жедел жәрдем қызметімен біз бірге еріп барған шақырту үшінші санатқа жатады екен. Науқасқа осыған дейін екі мәрте ота жасалған. Қазіргі шағымы – асқазан мен бас ауруы. Қуаныш Ахметов сұрақтарын қойып, нәзікжандының жағдайын тексере бастады. Фельдшер болып ол 2010 жылдан жұмыс істейді. Сондықтан, диагнозды анықтау қиын емес.

Науқасты тексеріп болған соң ақ халатты дәрі егіп, кеңестерін берді. Бригада кетер алдында нәзікжандының жағдайы әжептәуір оңалып қалды.

Қуаныш Ахметов – облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығы желілік бригадасының фельдшері:

– Менің өмірімде есте қалған шақырту – ол, әрине де ең алғашқысы. Қиын болмаса да біріншісі болғандықтан қатты қобалжыдым.

Күніне бір бригада 10-ға жуық шақыртуға барып, науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетеді.

Эльмира Садвокасова