МТРА жаңалықтары

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ коворкинг-орталық ашылды

«Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түскен студенттер / білім алған өңірде 3 жыл жұмыс істеуге міндеттеледі. Егер жастар бұл талаппен келіспесе, онда жұмсалған қаржыны мемлекетке қайтаруы тиіс. Қазір осы мәселені Мәжіліс депутаттары қарастырып жатыр. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен келген халық қалаулылары айтты. Сондай-ақ, мәжілісмендер М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да коворкинг орталығының ашылуына қатысты.

Бұрын мына жер бос тұрған екен. Ал қазір студенттердің демалысын тиімді өткізетін орынға айналған. Сондықтан, орталықтың ашылуына жастар көптеп жиылыпты.

Мұнда оқимын десең кітап, жұмыс істеймін десең компьютерлер де бар. Бір сөзбен айтқанда жастарға бар жағдайлар жасалған.

Әсия Бисимбаева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ кітапхана директоры:

–  «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және Жастар жылы аясында университетте осындай орталық ашылып отыр. Бұл жерде студенттер өңіріміздің белгілі азаматтарымен кездесіп, олардан көп ақпарат ала алады. Коворкинг орталықта ыңғайлы жиһаз, заманауи техника қойылған. Жастар үзіліс кезінде осында келіп тыныға алады. Мұнда тегін вай-фай желісі іске қосылған.

Коворкинг орталығының жұмысымен танысқан мәжілісмендер оң бағасын беріп, мұндай шаралардың бүгіндері заман талабы екендігін айтып өтті. Кейін нақ осында халық қалаулылары жастармен тілдесіп, олардың қордаланған сауалдарына жауап берді. Елордадан келген меймандарға базынасын жеткіземін дегендер аз болмады. Солардың бірі – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 3-курс студенті Айнель Амандықова. «Серпін» бағдарламасы арқылы білім алып жатқан ол оқу ордасында жатақхана мәселесінің өзекті екендігін айтты.

Айнель Амандықова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 3-курс студенті:

– Қазіргі таңда СҚМУ-ға еліміздің түпкір-түпкірінен жастар келіп жатыр. Бүгіндері біздің ғана Университетте емес, Қазақстанның өзге аймақтарына келген студенттер де жатақхана тапшылығына кезігеді. Осы мәселені шешу үшін сіздердің тарапыңыздан қандай шаралар қолданылуда?

Кәрібай Мұсырман – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

–  Бүгінгі күні біздер бюджетті нақтыладық. Сөйтіп, жатақналарды жоспарлауға, құжаттарын дайындауға 1 млрд теңге қаржы бөлінді. Негізінде, бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында шешіледі. Алайда, проблема барлық жерде бар. Білім және ғылым министрлігінің айтуынша, бұл мәселе жылма-жыл шешіліп отырады. Жатақханалар салынады.

Бірақ, әзірге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-іне жатақхана салуға дайын кәсіпкер табылмаған. Сондықтан, мәжілісмендер бұл сауал әрі қарай да шешілмесе, онда жоғарғы жаққа шығу қажет деді. Жалпы, Кәрібай Мұсырманның айтуынша, елімізде «Серпін-2050» бағдарламасының жүзеге асырылуы көңіл көншітпейді. Өйткені, ЖОО бітірген жастардың көбі білім алған аймақтарда жұмыс істеуге қалмайтын көрінеді.

Кәрібай Мұсырман – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Өткен жылы «Серпін» бойынша ЖОО бітірген студенттердің 23 пайызы барған жерлерінде тұрақтап қалған. Ал колледждерді бітіргендердің тек 214 пайызы ғана қалған. Бұл -ойландыратын мәселе. Былтырғы жылы шешім қабылданып, оларды бітірген аймаққа жұмыс істеуге міндеттеу қарастырылуда. Оларға төлемдер жасалады. Оның жүзеге асырылуын қадағалайтын боламыз.

Егер серпіндіктер оқыған аймақта жұмыс істеуге қалғысы келмесе, онда 4 жыл бойы мемлекет төлеген қаржыны қайтаруы тиіс. Айта кетейік, бүгіндері М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де 7 мыңнан астам студент білім алса, солардың 1 мыңнан астамы – «Серпін» бағдарламасы бойынша келген жастар.

Мағжан Ахмадина