Спорт

Шахматтан бір мезгілдік сеанс өткізілді

Бүгін қаламызда шахматтан бір мезгілдік сеанс өткізілді. Бұл кездесудің ерекшелігі – шахматтан спорт шебері Салтанат Мұқанов 22 қарсыласқа қарсы жалғыз өзі ойнады. Шаршы тақтадағы тартыста ардагерлермен қатар мектеп оқушылары да өз бақтарын сынап көрді.

Шахмат – логикалық ой-өрісті өрбітетін спорт түрі. Шағын ғана тақта ойыншылар үшін көптеген айла-тәсілді орындайтын тартыс алаңы. Мұнда әр қадам байыппен орындалады. Бүгінгі кездесу барлығы үшін басты әрі жалғыз қарсылас – Салтанат Мұқанов. Ол бірден 22 адаммен ойнауда.

Салтанат Мұқанов, облыстың шахмат бойынша бас жаттықтырушысы, ҚР спорт шебері:

– Басты мақсат – қаламызда шахмат ойындарының деңгейін көтеру. Бір мезгілде ойнау сеансын өткізілбегелі 10 жылдай болып қалды. Бұл – оңай жұмыс емес. Себебі, бүгінгі менің қарсыластарымның бірі спорт мектебінің тәрбиеленушісі болса, енді бірі – әуесқой ойыншылар.

Жалпы, бүгінде шахмат клубына келушілердің жастары әр түрлі. Үлкендер бос уақыттарын тиімді өткізу үшін келсе, оқушылар осындағы үйірмелерге қатысады. Бүгінгі кездесу Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өткізіліп отыр. Бұл тек шахмат ойындарының басы ғана, алда бірнеше сайыс ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Жанат Мұхаметғалиев, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы:

– Бүгінгі сеансқа 20-дан астам қатысушы келіп отыр. Сейсенбі күні әуесқой ойыншылар арасында блиц-турнир өткізілмек. Ал мамырдың 1-іне орай қалалық мектептер арасында сайыс ұйымдастырылады.

Шахматшылардың айтуынша бүгінгі кездесу 3-4 сағатқа созылады екен. Соңында үздіктер арнайы дипломдармен марапатталады.

Ақтолқын Солтанханқызы