Мәдениет

Петропавлда “Радуга” ұлттық-мәдени фестивалі өтті

Петропавлда облыстық “Радуга” ұлттық-мәдени фестивалі өтті. Мерекелік іс-шара Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылды. Оған Қызылжар, Мамлют, Уәлиханов аудандары мен облыс орталығынан 20-дан астам шығармашылық ұжым қатысты.

Қазақ, өзбек, орыс, татар, украин. Мұнда түрлі ұлт өкілдерінің өнерпаздары жиналған. Олар дәстүрге айналған “Радуга” фестивалінде ән мен биден шашу шашып, қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жалпы, іс-шараға облысымыздың түкпір-түкпірінен келген 23 шығармашылық ұжым қатысты. Солардың арасында байқаудың шымылдығын әсем әнмен ашқан қалалық “Айналайын” эстрадалық ансамблі де бар.

Ақбота Әкімбекова – “Айналайын” эстрадалық әндер ансамблінің мүшесі:

– Бүгінгі конкурс өте қызықты әрі әсерлі өтіп жатыр. Барлық көрерменге ұнайда деген үміттемін.Дайындық өте жақсы өтті. Қобалжу болды. Бірақ, біз жақсы өнер көрсеттік деп ойлаймын.

Ұйымдастырушылардың сөзінше осындай мерекелік іс-шара ұлттық мәдени құндылықтарды сақтап, оларды жастар арасында дәріптеуге бағытталған.

Ирина Колодаева – Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы директорының орынбасары:

– Байқаудың басты мақсаты – облысымызда тұратын халықтардың ұлттық-мәдени дәстүрлерін сақтау және дамыту, балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Фестивальде фольклорлық, хореографиялық ансамбльдер мен вокалдық топтар өнер көрсетеді. Олар көрермендерді елімізде тұрып жатқан ұлттардың мәдениетімен таныстырады.

“Радуга” ұлттық-мәдени фестивалі 1-ші мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылып отыр. Жыл сайын байқау қатысушылары диплом мен сыйлықтарға ие болады. Оларға осы жолы да тарту-таралғылар табысталды.

 

Маржан Қасымбек