Мәдениет

Қазақ зағиптар қоғамының жастар қанаты “Ромео мен Джульетта” қойылымын сахналады

Петропавлда “Ромео мен Джульетта” спектаклінің премьерасы өтті. Бұл жолы Шекспирдің шығармасын әртістер емес, Қазақ зағиптар қоғамының жастар қанаты сахналады.

Қазақ зағиптар қоғамының жастар қанаты үшін бұл маңызды және қызықты сәт. Олар бір ай бойы кітапхана оқырмандарына арнап Шекспирдің Ромео мен Джульетта атты қойылымын дайындалған. 30 минуттық көрініске 9 адам қатысты.

Виктория Ясакова – Зағиптар мен нашар көретін жандарға арналған кітапхана меңгерушісінің міндетін атқарушы:

 – Олар үшін бүгінгі көрсетілімнің маңызы бөлек. Қойылым костюмдерін киіп, сахнада бар қабілетін көрсету керек. Дайындық 1 ай бұрын бастау алған.

Джульеттаның рөлін Аяна Қайыржан сомдауда. Бойжеткен бала кезінде актриса болғысы келіпті. Бірақ, көзінің нашар көруіне байланысты арманы орындалмаған. Дегенмен бүгін Аяна өзінің актерлік шеберлігін шыңдап көрді.

Аяна Каиржан, “Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ филиалының жастар қанатының мүшесі:

– Бұл кейіпкер маған қатты ұнады. Өйткені, өз анасы мен жүрегін тыңдап Ромеоның жанында қалғысы келеді. Дегенмен, олар бұл өмір де болмаса да, басқа әлемде бірге болады.

Жұпар Абаева да бүгінгі премераны тағатсыздана күткен екен. Мәтін мен рөл оған оңай берілді. Ол Леди Капулеттиді ойнаған.

Жұпар Абраева – “Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ филиалының жастар қанатының мүшесі:

– Сомдаған рөлім өзіме ұнады. Ол нағыз ер мінезді әйел. Бізде театр үйірмесі бар. Соған қатысамыз. Ал осылай көпшілік алдына шығып алғаш рет өнер көрсеттік.

Қойылым көрермендер көңілінен шықты. Олар әртістердің өнеріне тәнті болып, қол соғып, таңданыстарын жасырмады.

– Жастар қойған спектакль көңілімнен шықты. Өте жақсы өнер көрсетті.

 – Джульеттаны сомдаған қыз өте қатты ұнады. Әсерлі шықты. Көңілімді босатып жіберді.