Қоғам

Пестрое көлінде балық қырылған жоқ

Пестрое көлінде балық қырылғандығы туралы ақпарат күні кеше әлеуметтік желілердің бірінде тараған болатын. Бірақ, бұл жалған мәлімет болып шықты. Бәзбіреулер  су айдынындағы жануарлар тепе-теңдігін сақтау мақсатында жіберілген алабұғаны видеоға түсіріп алып, жұртшылыққа ұсынған.

Балықтардың қырылғандығы жайлы видео инстаграмм желісінде кеше кешке пайда болды. Оны көрген жұрт наразылық танытып, ондаған пікір қалдырыпты. Көбісі Пестрое көлін жалға алушы жандарды кінәлаған екен.

–  Балық ауа жетпегеннен қырылады. Олар тұншығып қалған.

– Егер де көл жеке меншіктің қолында болса, иесін жауапкершілікке тарту қажет. Көлді күту, тазалау, қыстыгүні ойықтар жасап, жағаны күл-қоқыстан арылту керек. Батпаққа айналдырып жібердіңдер.

Тұрғындардың дүрлігуіне еш негіз жоқ. Пестроеда балықтардың жаппай қырылуы орын алмаған. Оны бізге су айдынын жалдаушы Владимир Иваненко айтып берді. Азамат көпшіліктің талқысындағы видео көлдегі жануарлар тепе-теңдігін сақтау мақсатында жасалған іс-шара кезінде түсірілді дейді.

Владимир Иваненко – Пестрое көлін жалға алушы:

– Көлге әдейі алабұғаны жібердік. Ол қажетсіз балық түрлерінің көзін жойып, көл астындағы тепе-теңдікті сақтауға үлес қосады. Айта кетейін, біз аталған су жануарларын басқа жақтан әкелдік. Босатылған балықтар бірден естерін жиып, сүңгіп кете алмайды. Яғни, бір орында біраз тұрады. Міне, сол сәтте видео түсірілген. Әйтпесе, ешқандай жаппай қырылу болған жоқ. Жаңағы кезде өліп қалған алабұғаның бірнешеуін судан алып шықтық. Олар – жолға шыдамай, мерт болғандар.

Владимир Иваненко балықтардың күтіміне ерекше қарайтындығын айтады. Ол бастаған мамандар қыс бойы су астын оттегімен байытып, бірнеше рет ойықтар қазған. Көктем басында да осындай істі тындырған екен.

Байболат  Култанов