Қоғам

Мамырдың 1-і аттракциондар паркі жұмысын бастайды

Қуаныш сыйлауға әзірміз! Мамырдың 1-і Петропавлдағы аттракциондар паркі өз жұмысын бастайды. Әзірге, мамандар мұндағы әткеншектерді соңғы тексерістен өткізіп, келушілерді қабылдауға дайындалуда. Бұдан бөлек, биыл саябақ аумағын көгалдандыру жұмыстарына қарқын қосылмақ. Өз жоспарларын тілшілерімізге “Аттракциондар әлемінің” әкімшілігі баяндады.

Саят Ермек – тілші:

– Күннің салқындығына қарамастан, адреналин мен жылдамдық қуып, көңілді төбешіктерге отыруды жөн көрдім. Неге дейсіздер ғой?! Себебі, әлі күнге дейін есімде, менің бала кезімдегі саябақтағы серуенім дәл осы аттракционнан бастау алатын. Жазғы маусым жақындап келеді, сондықтан, “Аттракциондар әлемі” мамырдың 1-нен бастап өз жұмысын бастайды. Әзірге, қондырғылар мен әткеншектер тексерілу үстінде.

Тексеру маңызды, ең алдымен адамдардың қауіпсіздігі үшін. Себебі, аттракциондар қыс бойы қалт етпей тұрды, енді қайта жұмысын бастағанда ақаулардың болуы да ғажап емес. Құрылғылардың қолданысқа жарамдылығы қалай бақыланады дейсіздер ғой? Қарапайым құм толтырылған қаптар арқылы екен.

Татьяна Колчева – “Мир Аттракционов” ЖШС қауіпсіздік техникасы бойынша инженері:

– Мәселен, айналаны шолу дөңгелегі. Бұл аттракционда 16 кабина бар. Әрқайсысында 4 орыннан. Бір орынға 100 келі жүк артамыз. Нәтижесінде, аттракцион 6 тонна 400 келі жүкпен бір сағат бойы айналады. Осылайша, біз оның төзімділігі мен келушілерді қабылдауға әзірлігін қараймыз.

Ғашықтар дөңгелегі қолданысқа әзір! Оның бойынан еш ақау табылмады. Экстремалды бумеранг, көпке таныс “НЛО”, ересектер мен балаларға арналған түрлі әткеншектер – негізі саябақта 35 аттракцион бар. Олардың барлығы осындай тексерістен өтуі тиіс.

“Аттракциондар әлемі” – петропавлдықтардың серуен құрып, тынығатын сүйікті мекені. Бүгін, әрине ауа райы құбылмалы. Ал жайма-шуақ күндерде мұндағы халықтың ылғи қарасы қалың. Сондықтан, саябақ жыл санап көркейіп, көгалданып келеді. Абаттандыру шаруасы биыл да жалғаспақ. Біріншіден, жасыл желектің саны көбейеді. Терек, емен және аққайың ағаштарын отырғызу жоспарланып отыр.

Александр Козлов – “Мир Аттракционов” ЖШС директоры:

– Сондай-ақ, 500 мың теңгеге біржылдық гүлдердің өскіндерін сатып алдық. Биылғы қыс қатты болып, раушан гүлдеріміз өліп қалды. Биыл олардың жаңа өскіндерін отырғызбақшымыз. Өте әдемі болады. Саябақ аумағына жаңадан кеспе тастарды да төсемекшіміз.

Саябақты жарықтандыруға да жіті көңіл бөлінбек. Тамыз айына дейін жаңа, жарқыраған иллюминация орнатылмақшы. Ол мекенді көркейте түспек. Қоса кетейін, биылғы маусымда жаңа экстремалды аттракциондар болмайды. Алайда, балаларға арналған екі батут әкелінбек. Бірі – орталықта, екіншісі Жеңіс саябағында орнатылады.

Саят Ермек