Білім

Тайыншалық мектеп ғимаратындағы қосымша құрылыс қауіпсіздік мақсатында сүрілген

Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі бүгін Тайынша қаласындағы мектептердің бірінің қабырғасы құлады деген ақпарат таратты.

Құтқарушылар сағат түнгі бір жарымда Тайыншадағы №1 орта мектеп ғимаратына жанама салынған апаттық шығу құрылысының опырылып түскенін, салдарынан таңертең мектепте сабақ болмағанын айтқан. Алайда, комитет таратқан бұл ақпаратты облыстық білім басқармасы жоққа шығарып отыр. Сөздерінше, қосымша құрылыс өздігінен құламаған, керісінше оны қауіпсіздік мақсатында сүрген. Себебі, қысқы уақытта оның өне бойынан тік жарықтар байқалыпты. Басқарма басшысы Гүлмира Кәрімова білім ошағында сабақтардың жүріп жатқандығын, ондағы оқушылар мен қызметкерлерге еш қауіп төніп тұрмағандығын айтты.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы: 

– Бұл құрылыстың негізгі мақсаты – ол оқушылар үшін апаттық жағдайда шығу болып табылады. Қысқы уақытта сол құрылыс ішінде тік жарық пайда болған болатын. Экспертиза қорытындысы бойынша демонтаж жасау керек болды. Кешегі күні кешкі 8-ден таңғы 8-ге дейін жұмыстар жүргізілді.

Саят Ермек