МТРА жаңалықтары

Кәсіпкерлер маусымда өтетін Президент сайлауын талқылады

Маусымның 9-ы кезектен тыс Президент сайлауының өтетіні баршамызға мәлім. Кеше, “Nur Otan” партиясының 19-шы съезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен саяси ұйым атынан сайлауға / қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысатын болды. Оның кандидатурасын теріскейлік іскер азаматтар да қолдап отыр. Бұл жайлы бизнесмендер өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен жиында айтты.

Бизнес өкілдері елдегі кезектен тыс президенттік сайлаудың өтуін дұрыс қадам деп біледі. Неге? Өйткені, бұл тарихи оқиға – Қазақстанның экономикалық даму векторын айқындай түспек. Жаңа мемлекет басшысы Тұңғыш Президенттің салиқалы саясатын жалғастыруы тиіс. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандитатурасын жерлес кәсіпкерлер қолдаймыз дейді.

Сергей Чепурко, “Молсервис” ЖШС директоры:

– Өздеріңіз білесіздер, біз көптеген шетелдерден инвестиция аламыз. Сондықтан, бізге – кәсіпкерлерге экономика саласындағы тұрақтылық маңызды. Жаһандық саясатта салмағы бар, өзге елдермен еркін қарым-қатынас орната алатын көшбасшы керек.

Бейбітшілік пен келісімдегі 30 жыл. Бұл – Нұрсұлтан Назарбаев саясатының нәтижесі. Кей елдерде көтерілістер мен толқыныстар орын алып жатса, біз тыныш елде өмір сүріп келеміз. Бұл тыныштық пен отандастарымыздың тең құқықтарын Қасым-Жомарт Тоқаев сақтай алады дейді өңірлік Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Юлия Пронина.

Юлия Пронина, СҚО Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі:

– Менің ойымша, теріс өзгерістер орын алмайды. Керісінше, біз жаңа басшымызды сайлап, жарқын болашаққа қарай беттей береміз. Алайда, бұл үшін дұрыс шешім қабылдап, дұрыс үміткерге дауыс беруіміз керек. Осылайша, елдегі тұрақтылықты нығайта аламыз.

Еске салсақ, кеше елордада “Nur Otan” партиясының кезектен тыс съезі өтті. Жиында Тұңғыш Президенттің ұсынысымен нұротандықтар мемлекет басшысы сайлауына қатысуға үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты таңдаған болатын.

Саят Ермек