Әр түрлі

Қызылжар құлпыра түспек

Қызылжар одан әрі құлпыра түспек. Биыл шаһар көшелеріне 4 мыңға жуық көшет пен 6 мыңнан астам бұталы қоршау егілмек. Абаттандыру жұмыстары қазір қызу жүргізіліп жатыр. Іске жауапты мамандар  ескірген, апаттық деп танылған ағаштарды кесіп, орындарына жаңадан жасыл желек отырғызуда.

Көктем келісімен қалада абаттандыру жұмыстары басталды. Қазір шаһардың әр бұрышында тазалық шаралары жүргізіліп, ескі ағаштар кесілуде. Мұны солтүстікқазақстандықтар қолдап отыр.

–  Кесу керек ескі ағаштарды. Жапырақтары ұшады. Жапырақтарында құрттары да бар.

– Қалада қисық ағаштар бар. Көзін жою керек. Қаланы абаттандыру керек.

– Тазартылып жатыр. Енді оның орнына ағаш егіледі деп ойлаймын. Ол дұрыс нәрсе. Ағаш көбірек болса, балалардың да, кісілердің де денсаулықтары жақсы болады.

Мәселен, қызу жұмыс Бөкетов көшесінің бойында жүріп жатыр. Мұнда «Стронг Сервис» серіктестігінің мамандары ескірген, апаттық деп танылған ағаштарды кесуде. Әрине, көп жылдық өсімдіктердің түбірінен қырқылуы көңілге қаяу ұялатады. Бірақ, бұл істі жүргізу қажет. Себебі, шіріген терек кез келген уақытта құлап, залал келтіруі мүмкін. Әрі олардан жаз мезгілінде мамықтар да ұшып қолайсыздық танытады. Көшедегі шаруаға тартылғандардың арасында Нұрлан Бәкенов те бар. Азамат өзінің темір шынжырлы арасымен 1 күнде 10-ға тарта ағашты жығып, бөлшектейді екен.

Нұрлан Бәкенов – «Стронг Сервис» ЖШС слесарі:

– Жұмыс күні ішінде 7-8 ағаш жығамын. Оны бұталап, бөлшектеп беремін. Біз төмен орналасқан теректерді ғана құлатамыз. Биіктері сымдарға жақын орналасқан. Сондықтан, оларды кесе алмаймыз. Ондай ағаштармен электриктер айналысады.

Көшенің бір бұрышында ағаш кесіліп жатса, екінші тарапта керісінше егілуде. Істі белсенді жастар жүргізуде. Олар күннің суықтығына қарамастан бұл маңға 20-дан аса шетен көшетін отырғызып қойыпты.

Еркебұлан Бүркітбай:

– Жұмыс істегенімізге көп болған жоқ. Таңғы 9-дан кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істейміз. Кешеден бері 23 түп ағаш ектік.

Ғабит Мүсірепов көшесінің бойында да абаттандыру жұмысы қызу жүріп жатыр. Мұнда жас талдар ерекше дизайн бойынша егілуде. Алдымен долана, ортаға – шырша, шетке қайың көшеті отырғызылыпты. Істі “Коммунхоз Петропавл” серіктестігінің көгалдандыру бойынша маманы Виктор Нетесов бақылап тұр. 40 жылдық тәжірибесі бар азамат бұл ағаштар солтүстіктің климатына сай келеді дейді.

Виктор Нетесов – “Коммунхоз Петропавл” ЖШС көгалдандыру бойынша жұмысшысы:

– Бұл ағаштардың бірде-бірі қысты күні қатып қалмайды. Олардың барлығы суыққа төзімді әрі әдемі. Мысалы, долана жапырақтары күзге қарай сарғаяды, қысқа жақын қызарады. Шырша болса жыл он екі ай жасыл түсті. Қайыңның да өзіндік сұлулығы бар. Егіліп жатқан көшеттер 3 жыл ішінде жерсініп кетеді.

Көшеттердің күтіміне “Коммунхоз Петропавл” серіктестігі жауапты. Аталған кәсіпорын мамандары ала жаздай талдарды суарады, желден құлап қалмауын қамтамасыз етеді. Жалпы, биыл Қызылжар одан әрі құлпыра түспек. Шаһар көшелеріне 4 мыңға жуық ағаш пен 6 мыңнан аса бұталы қоршау егіледі. Барлық істі мамырдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Байболат Бектемірұлы