Балалар

Жер күніне орай ұйымдастырылған байқау жеңімпаздары анықталды

22 сәуір – Халықаралық жер күні. Облыс орталығында осыған орай ұйымдастырылған ғылыми жобалар байқауының нәтижесі белгілі болды. Оған мектеп оқушылары, студенттер мен магистранттар қатысқан.

Қашықтықтан өткен байқауда қатысушылар түрлі тың ойларымен бөлісіпті. Ғылыми жоба жетекшілері оның қолданысын түсіндіру үшін макеттер жасап, жұмыс істеу әдістерін түсіндірген. Жалпы, бұл сайысқа 50-ден аса өтініш қабылданған.

Павел Дмитриев, М.Қозыбаев атындағы СҚМ МжЖҒФ кафедра меңгерушісі:

– Байқау шарты бойынша қатысушылар фотоальбом, бейнематериал, ғылыми жоба – барлығы 5 бағыт бойынша әзірлеген жұмыстарын тапсырды. Осындай шаралардың нәтижесінде жастар қоршаған ортаны сақтауға өз үлестерін тигізіп отыр.

Байқауға қатысушылар түрлі озық ойларын жеткізген. Мәселен, әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушылары жел күшін пайдалану арқылы энергия өндіру тәсілін қарастырған.

Әділбек Ахметбаев, әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушысы:

– Макетте жел баламалы энергиясы құрылған. Жел диірмендері механикалық энергияны, яғни ішкі энергияны тудырып, оны трансформаторларға жер астымен жеткізеді. Ал трансформаторлар оларды жай энергияға алмастырады. Кейін бұл энергия аккумуляторларға жиналып немесе жоғары кернеулі сымдар арқылы ауыл мен қалаларға жеткізіледі.

Байқау нәтижесінде 26 қатысушы іріктеліп, мақтау қағаздарымен марапатталды.

Ақтолқын Солтанханқызы