Спорт

Әскерилер гір көтеріп сайысты

Өңіріміздің күш құрылымдары қызметкерлері арасында дәстүрлі спартакиада жалғасып жатыр. Жарыстың үшінші күні әскерилер гір тасын көтеріп күш сынасты.

Сайыста 1-ші орынды мамандандырылған күрес қызметі басқармасының өкілдері иеленді. Екінші сатыға қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мамандары жайғасты. Ал үздік үштікті жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері тұйықтады. Додада есе жіберген жандар көңілдерін түсірмек емес. Олар жақсылап дайындалып, келесі бәсекеде оза шабуға ниетті.

Алмат Тәңірбергенов – Шал ақын ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторы:

– Жалпы жақсы өтіп жатыр. Ұйымшыл. Қарсыластарым да жақсы көтеріп, жақсы дайындалған. Өзім де қатыстым.  Қарсыластарыма сәттілік тілеймін. Алдағы уақытта дайындалып, тағы да қатысуға ниеттенемін.