Аптадағы маңызды жаңалықтар

Сенбіде солтүстікқазақстандықтар 18 мың түп көшет отырғызды

Сәуірдің 20-сы теріскейліктер кезекті сенбілікке шығып, аумақтарды тазартты. Ол Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күнімен тұспа-тұс келді. Осылайша, бір сенбінің ішінде жерлестеріміз 18 мың түп көшет екті. Отырғызылған ағаштардың дені – шырша мен қайың. Бұл күні жасыл желек егу жұмыстарына көппен бірге / облыс әкімі, оның бірінші орынбасары мен қала басшысы да атсалысты.

Әуеде – әуезді ән, ал қолда – сыпыртқы мен тырнауыш. Жеңіс саябағына жиналған жұртшылық жұмыла жұмыс істеуде. Бұлар – жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері. Мамандар ынтамен саябақ аумағын қураған шөптен, қыс бойы жиналған күл-қоқыстан тазартып жатыр.

– Таза болса, өзімізге жақсы. Қаладағы тазалық өзімізге ұнайды, жүргенде жақсы болады. Сол үшін бүгін бәріміз сенбілікке шығып отырмыз.

– Көктем келді, көп қоқыс бар. Соларды жинап, ағаш егіп, елімізді гүлдендіріп, жақсы жағынан көрсетуге шықтық.

Ұлы Жеңіс мерекесі жақындап келеді. Оған екі аптадан сәл ғана астам уақыт қалды. Мейрамды таза саябақта қарсы алуымыз керек дейді мемлекеттік қызметішлер.

Сондай-ақ, сәуір айының әрбір үшінші жексенбісі еліміз бойынша “Ұлттық ағаш отырғызу күні” аталып өтіледі екен. Осыған орай, Жеңіс саябағының аумағына 50-ге тарта қайың мен шырша көшеті егілді.

Василий Лабанчук – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Осы күнге орай 2014 жылдан бері ел бойынша арнайы акция ұйымдастырылып келеді. Оның арқасында соңғы 6 жыл ішінде облыс аумағында 100 мыңнан астам көшет отырғызылды. Ал бүгінгі күні теріскей бойынша 18 мың ағаш егілді. Акцияға 20 мыңнан астам солтүстікқазақстандық қатысты.

Акцияға атсалысқан 20 мыңнан астам жерлесіміздің арасында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов та бар. Өңір жетекшісі өзінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов және шаһар басшысы Болат Жұмабековпен бірге шырша көшеттерін отырғызуда.

Облыс әкімнің айтуынша, көшет отырғызу науқаны мамырдың соңына дейін жалғасын таппақ. Осы уақыт аралығында қала көшелерінде 4 мыңға жуық жасыл желек пайда болады.
Шаруа тындырылды, енді ауқаттанып, демалуға да болады. Тер төгіп, еңбектенгендерге тегін ыстық шай мен тоқаштар таратылып жатыр. Негізі, мұндай сенбілік Жеңіс саябағында ғана емес, қала бойынша өтті. Петропавл аумағын қалыпқа келтіруге шыққандардың қатары аз болмады. Нәтижесінде, облыс орталығы азды-көпті 180 тонна күл-қоқыстан тазартылды.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Сенбіліктің арқасында қала қоқыстан тазарып жатыр. Бұл жұмыстарға 600 еңбек ұжымы қатысуда, бұл 12 мыңға жуық адам. Сондай-ақ, қоқыс шығаратын 30 техника бар. Әр бейсенбі мен сенбі күндері осындай бейсенбіліктер мен сенбіліктер өтеді. Сондықтан, барлық қала тұрғындарын белсенді қатысуға шақырамыз.

Мұнда да жұмыс қызу жүріп жатыр. Бұлар – қаланың белсенді жастары. Олар Мүсірепов көшесі бойындағы зираттың маңын тазалауда. Мұнда көп ардагерлер жерленген.

Абылайхан Қайроллаев – «Жас Отан» ЖҚ СҚОФ төрағасы:

– Бұл акцияның ең басты мақсаты – жастарға дұрыс насихат пен тәрбие беру және оның арқасында біз қаланың көркеюіне және тазаруына өз үлесімізді қосып жатырмыз.

Бекарыс Іздібай есімді студенттің тырнауышы тиген жер тазарып шыға келеді. Бозбала мұндай игі шараларға қатысуды міндет санайды.

Бекарыс Іздібай – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Ерлікпен қаза тапқан сарбаздарымыз бар. Солардың ерліктерін ескеріп, құрметтеу үшін өзімнің жеке үлесімді қосып, ескерткіштердің басын тазалауға келдім. Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды.

Алдағы уақытта жастар Кеңес Одағы Батырларының есімі берілген көшелерді тазартпақ ниетте. Мұндай шара күллі облысты қамтымақ.

Саят Ермек