МТРА жаңалықтары

Сайлауға белсене қатысу қажет

Президенттікке үміткерлердің саны тура 3 аптадан соң белгілі болады. Айта кету қажет, биылдан бастап Мемлекет басшысы лауазымына дауысқа түсу талаптарына сәл өзгеріс енгізілді. Яғни, қазақстандықтар өз кандидатурасын өздері ұсына алмайды.

Азамат міндетті түрде саяси партия не болмаса қоғамдық бірлестіктің мүшесі болуы тиіс. Сондықтан, аталған ұйымдарға артылған жүк ауыр. Олар қазір президенттікке үміткерлерді таңдау үстінде. Мамырдың 11-інен елімізде сайлауалды науқан бастау алмақ. Ал маусымның 9-ы қазақстандықтар мемлекетті басқаруға лайық деп тапқан азаматқа дауыстарын беретін болады. Бұл ретте ҚР Парламенті Сенатының 4-5 шақырылымының депутаты Анатолий Башмаков барша жұртшылықты конституциялық парызын орындап, сайлауға белсене атсалысуға шақырады.

Анатолий Башмаков, ҚР Парламенті Сенатының 4-5 шақырылымының депутаты:

– Қазіргі таңда әрбір қазақстандыққа жүктелген міндет салмақты. Біз ел тізгінін ұстайтын тұлғаны таңдауымыз қажет. Жаңа Президенттің бірінші кезекте жемқорлықты түбегейлі түрде жойғанын қалаймын. Екіншіден, экономиканы нығайту қажет. Бұл барша қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге септеседі. Сондай-ақ, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатын жалғастырса игі болар еді.

Эльмира Садвокасова