ТЖ

Өңірде бір апта ішінде 22 өрт оқиғасы тіркелді

Өткен аптада облыс аумағында 22 өрт оқиғасы орын алды. Тілсіз жау 5 теріскейліктің өмірін жалмап, 1-уін қатты күйік шалған. Тағы қызыл жалын салдарынан 28 млн теңге көлемінде материалдық шығын келген.

Өткен сейсенбі күні қаладағы Нұрсұлтан Назарбаев көшесінде орналасқан үйдің 1-ші қабатынан өрт шыққан. Салдарынан 1936 жылғы үй иесі қаза тапты. Мамандардың айтуынша, тілсіз жаудың туындау себебі тұрмыстық электр жабдықтарын дұрыс қолданбауда болып отыр.
Тағы бір оқиға Айыртау ауданында тіркелген.

Нұрлан Атығаев, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Сәуірдің 21-і Лавровка селосындағы «Лавровское» серіктестігінде от шықты. Күзетші отыратын шағын үйдің шатыры толық жанып кеткен. Жұмысшының өлі денесі сол оқиға орнынан табылды. Тілсіз жау пештің аузын ашын қалдырғандықтан туындаған.

Жалпы, жыл басынан бері өңірде 198 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда әжептәуір кеміген.
Бірақ, бұнымен өрт сөндірушілердің жұмысы азайған жоқ. Өйткені, күн жылынып, айнала құрғай бастаған соң оттың шығу қаупі артады. Мәселен, біреулер жинаған қоқысын, даладағы қалдық сабанды тұтандырып, қараусыз қалдыруы мүмкін. Ал ол өз кезегінде жақын тұрған орманға қарай ұласуы әбден ықтимал.

Нұрлан Атығаев, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Өткен аптада Қызылжар ауданындағы Вагулино ауылында тұрғындар отты тұтатып, кейін сөндірмей кеткен. Ақырында тілсіз жау үйіліп тұрған 50 тонна шөпті күлге айналдырды.

Мамандардың айтуынша осындай оқиғаларға көп жағдайға адамдардың немқұрайлылығы себепші болып отыр. Сондықтан, өрт сөндірушілер тұрғындарға тиісті қауіпсіздік ережелеріне ұмытпау қажеттігін ескертеді.

Саят Ермек