Құқық қорғау органдары

Петропавлда ІІМ қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті

Ішкі істер министрлігінің қоғамдық кеңесі тарихта алғашқы рет көшпелі отырыс өткізді. Оны Петропавл қаласы қабылдады. Алқалы жиын барысында құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділері полиция жұмысын жетілдіру және қоғамдық бақылау жүргізу мәселелерін талқылады.

Ішкі істер министрлігі жанындағы қоғамдық кеңес өзінің көшпелі отырысын өткізу үшін Петропавлды кездейсоқ таңдамаған. Себебі, солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары республикада алғашқы болып консультативтік-кеңесші орган құрды. Құрамына жергілікті қоғам өкілдері кіретін ұйым бүгінде белсенді жұмыс істеуде. Жұртшылық базынасын полицейлерге көбіне осы кеңесші орган арқылы жеткізеді.

Жасұлан Ахметов, СҚО ПД жанындағы консультативтік-кеңесші орган төрағасы:

– Біз Полиция департаментіне ұсынымдар жолдап тұрамыз. Мысалы, бірнеше жыл бұрын қала көшелерінде көліктердің көп екендігін айтқан болатынбыз. Жолдардағы жүктемені азайту үшін қосымша айырғы бұрылыстар қажет деп бұйымтай тастадық. Нәтижесінде, көп кешікпей көшелердің көбінде осындай бұрылыстар пайда болды.

Сондай-ақ, қазір теріскейдегі барлық аудандық полиция бөлімшелерінде, ал Петропавлдағы 3 бөлімшеде фронт-офистер жұмыс істейді. Мұндағы мамандар бірінші қабатта отырып, мәселесін арқалап келген азаматтарды қабылдайды, тиісті кеңестер береді. Бұл қос тараптың да уақытын үнемдейді дейді өңірлік ПД бастығы Берік Біләлов.

Берік Біләлов, СҚО Полиция департаментінің бастығы:

– Полиция заман талабына сай жұмыс жасауы тиіс. Құқық қорғау органдарына сандық технологияларды көптеп ендіруіміз қажет. Бұл жұмысымызды жеңілдете түседі әрі қоғамдық тәртіпті сақтауда үлкен көмек көрсетеді. Осы бағыттағы шаруаны алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз.

Бұдан өзге, жиында тәртіп сақшыларының әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін шешу туралы да сөз болды. Бүгінде жергілікті полицейлерге жасалып отырған еңбек жағдайы жақсы. Олардың еш қиындықсыз басапаналы болу мүмкіндіктері де бар. Мұндай қамқорлық ІІМ жанындағы қоғамдық кеңес мүшелерінің көңілінен шықты.

Марат Коғамов, ҚР ІІМ қоғамдық кеңесінің төрағасы:

– Пәтер алуға қажетті бастапқы жарнаны жинау бойынша әлеуметтік схемаларыңыз жақсы екен. Тәртіп сақшыларына арналған жатақханаға барғанда коменданттан соңғы жылда қанша маманның көшіп кеткенін сұрадым. Ол жыл басынан бері бірнеше полицейдің өз баспанасына ие болғанын айтты.

Сондай-ақ, министрлік жанындағы қоғамдық кеңестің көшпелі отырысына қатысқан меймандар робототехника көрмесін тамашалай алды. Құлтемір құрастыру үйірмесі – бұл өңірлік Полиция департаменті мен “Алтын Бесік” балабақшасының бірлескен жобасы. Мұнда жол қозғалысын реттеуші робот, көлікті эвакуациялаушы робот және басқа да қызықты экспонаттар бар. Олардың барлығын кішкентай балғындар өз қолдарымен жасаған.

Саят Ермек