Өнеркәсіп

“Масло-Дел” компаниясы Петропавлда май зауытын салмақшы

“Масло-Дел” компаниясы Петропавлда жаңа зауыт салмақшы. Бұл қуатты кәсіпорында тәулігіне 1200 тонна май сығылатын болады. Бірақ, өндірісті бастамас бұрын бірқатар мәселелерді шешу қажет. Солардың бірі – шикізат жетіспеушілігі. Бүгін аймақ басшысы “Масло-Дел” серіктестігінің директорын қабылдады. Құмар Ақсақалов пен Павел Селиванов түйіткілдерді шешу жолдарын қарастырды.

Павел Селиванов, «Масло-Дел» ЖШС бас директоры:

– 45 жаңа жұмыс орны ашылады. Салықтық төлемдер жылына 750 млн теңгеге артады, ал шикізатты қайта өңдеудің ықпалынан өңірдегі жалпы ішкі өнім шамамен 7 млрд теңгеге өседі.

“Масло-Дел” зауытын жаңғырту Солтүстік Қазақстан облысына осындай әлеуметтік-экономикалық пайда әкелмек. Ал кәсіпорын болса жылына 8 мың тонна сүтті қайта өңдей алатын болады дейді зауыттың бас директоры Павел Селиванов. Компания қаймақ әзірлеудің жаңа технологиясын іске қоспақшы. Осының арқасында өнімді 4 ай бойы сақтауға болады. Мұндай қаймақ әзірге Қазақстанның бірде-бір зауытында өндірілмейді

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биылғы жылы сіздер өндірісті жаңғыртасыздар. Бұл сүтті қайта өңдеу көрсеткішін 50 процентке өсіреді. Қазір бізде сауылған ақтың 44 пайызы өзімізде қайта өңделеді. Жыл санап бұл көрсеткіш өсіп отыруы тиіс. Өткен жылы ел бойынша 10 сүт-тауарлық ферма тұрғызылған. Оның 4-уі біздің облыста салынды. Биыл тағы 3-уі қолданысқа берілмек. Жыл сайын бізге кем дегенде 3 сүт-тауарлық ферма салып отыру қажет.

“Масло-Дел” зауытын жаңғырту жұмыстарын биылғы жылы қолға алу көзделіп отыр. Ол үшін 3,5 млрд теңгедей қаражат керек. Қажетті соманың 25 пайызын мемлекет береді. Қазір жергілікті билік тарапынан қолдау қажет. Аймақ басшысы жобаны мақұлдады. Бұдан өзге, Павел Селивановтың теріскей үшін тағы бір тиімді ұсынысы бар. Бизнесмен Петропавлдағы өндірістік аймақта май сығатын зауыт салмақшы. Жоспар бойынша кәсіпорын тәулігіне 1200 тонна май өндіретін болады.

Павел Селиванов, «Масло-Дел» ЖШС бас директоры:

– 135 жаңа жұмыс орны ашылады. Жыл сайын өңір қазынасына 800 млн теңге салықтық төлемдер түсіп отыратын болады. Өңірдегі ЖІӨ 10 млрд теңгеге артады.

Бүгінде “Масло-Дел”-дың жылына 135 мың тонна майды қайта өңдерлік қауқары бар. Алайда, кәсіпорын бұл қуатын толығымен пайдаланып отырған жоқ. Себебі, шикізат жетіспейді дейді Павел Селиванов.
Майлы дақылдардың басым бөлігі шетелге экспортталып кететіндіктен, отандық қайта өңдеуші кәсіпорындар қалғанымен ғана жұмыс істеуге мәжбүр. Шикізат өткізушілерді өзімізде қалдыру үшін оның бағасын арттыру қажет. Бірақ, бұл қайта өңделген тауардың құнына әсер етеді. Ал қымбат майға нарықта сұраныс жоқ. Осы орайда мемлекет тарапынан қолдау қажет дейді бизнесмен.

Павел Селиванов, «Масло-Дел» ЖШС бас директоры:

– Бұрындары өнімнің әрбір тоннасы үшін мемлекет қайта өңдеушіге субсидия төлейтін. Әбір өңірде оның көлемі әр түрлі болды. Мәселен, ШҚО-да бір тонна үшін 25 мың, ал СҚ шамамен 7 мың теңге берілетін. Осы практиканы қайтару керек. Бұл кәсіпкерлер үшін жақсы қолдау болмақ.

Қазір қазақстандық қайта өңдеуші кәсіпкерлер осы ұсыныспен Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолдамақшы. Петропавлдағы май өңдеуші зауытты 20-шы жылдың соңы мен 21-жылдың басында іске қосу жоспарланып отыр. Жоба құны – 8,7 млрд теңге.

Саят Ермек