Аптадағы маңызды жаңалықтар

Калинин атындағы зауыт ғимараты қалыпқа келтіріледі

Ұзақ жылдар бойы қаңырап тұрған Калинин атындағы зауыт ғимараты қалыпқа келтіріледі. Мұнда жаңа “Дата-центр” кәсіпорны ашылмақ. Жобаны жүзеге асыруға 18 млрд теңге инвестиция құйылады. Ал “Радуга” серіктестігі жуық арада қатты сабын өндірісін бастағалы отыр. Ол өсімдік және жануарлар майынан әзірленбек.

Өзімізде өндіруге болатын тауарларды шетелден неге сатып аламыз? Бұл – “қарапайым заттар экономикасының” басты идеясы. “Радуга” ЖШС бұл идеяны жемісті жүзеге асыруда. Үш жыл бұрын компания сұйық сабын жасай бастаған. Алғашында айына 1 тонна ғана шығаратын, қазір өндіріс қуатын 100 тоннаға дейін арттырыпты.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өнімді шығаруға қажетті материалдардың 70 проценті өзімізде жасалады. Яғни, сұйық сабын құйылатын құтының өзін, оның дизайні мен формасын, сабынның компонентін серіктестіктің өзі әзірлейді.

Өндірістің мұндай түрі Солтүстік Қазақстанға импортталатын сұйық сабын көлемін екі есеге қысқартқан. Серіктестік мұнымен тоқтап қалмақ емес. Көп кешікпей қатты сабын өндірісін бастауды да жоспарлап отыр. Алдағы бірер күнде тиісті қондырғылар келуі тиіс.

Евгений Ли, “Радуга” ЖШС металл-пластикалық өнімдер зауытының директоры:

– Біз мұнда жоңқаны өндіретін боламыз. Бұл – қатты сабынның негізі. Өнімді шығаруға қажетті өсімдік және жануарлар майын да осы жерде қайта өңдемекшіміз. Ресейде мұндай 2-3 зауыт қана бар, ал Қазақстанда мүлдем жоқ.

Ал мына жерде дайын өнім қапталатын болады. Процесс толығымен автоматтандырылады. “Радуга” серіктестігі мына ғимаратта да жаңа цех ашпақшы.

Евгений Ли, “Радуга” ЖШС металл-пластикалық өнімдер зауытының директоры:

– Мұнда шағын тұрмыстық техника және ауыл шаруашылығы техникасына қажетті бөлшектерді өндіреміз. Яғни, ұсақтағыш, түрлі электр қондырғылары сынды халыққа қажетті тауарларды шығаратын боламыз.

Алайда, қазір бұл нысан ПАМЖЗ-ға тиесілі. Бірақ, кәсіпорын ұзық жылдар бойы оны пайдаланбай келеді. Сондықтан, жергілікті билік оны “Радуга” компаниясына беру бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Нысан қолданылмағандықтан, бос тұр. Сондықтан, мұндағы өндірісті қайта жаңғыртқысы келетін кәсіпкерлерге жергілікті билік ретінде біз қолдау көрсету керекпіз.

Негізі, “Радуга” серіктестігінде бүгінде 1600 адам еңбек етеді. Десе де, біліктілігі жоғары мамандар тапшы. Дефицитті жою үшін мұнда арнайы оқу орталығы ашылмақ. Калинин атындағы зауыттың жаңа қожайындары да ауқымды жоспарлар құрып отыр. Кәсіпорын 10 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істемей тұр. Мұндағы металлдың басым бөлігі ұрланған, сондықтан ғимараттардың жағдайы мүшкіл.

Алмаз Маралов, «PP Solutions» ЖШС бас директоры:

– Біз «Дата-центр» деп аталатын жобаны жүзеге асырудамыз. Бұл үшін аумағы 24 га немесе 110 мыңнан астам шаршы метр болатын бұрынғы Калинин зауытын сатып алдық. Бүгінде зауыттың аймағын күл-қоқыстан тазартып, мұндағы қарды шығардық.

«Дата-центр» жобасын жүзеге асыру үшін 18 млрд тенге инвестиция құйылмақ. 2020 жылдың күзінде ол өз жұмысын бастайды. Осылайша, 150 жаңа жұмыс орны ашылады.

Саят Ермек