ТЖ

Ақмола облысынан қызыл су келе жатыр

Ақмола облысынан қызыл су келе жатыр. Өңірде ертеңдері тасқынның екінші толқыны орын алады деп күтілуде. Құтқарушылардың сөзінше, тіршілік көзі критикалық шамадан аспауы тиіс.

Қазіргі таңда Есіл өзенінің тармақтарындағы су деңгейі төмендеп жатыр. Алайда, бұл қызыл судың артта қалғандығын білдірмейді. Өткен аптада, дәлірек айтқанда, сәуірдің 5-і Сергеев қоймасындағы тіршілік көзінің шарықтау шегі тіркелген болатын. Алда теріскейліктерді екінші толқын күтіп тұр. Ол Ақмола облысының Каменный Карьер пунктінен келетін суға тікелей байланысты. Ертең ол шектік нормасына жетіп, кейін деңгейі төмендейтін көрінеді.

Қымбат Мерғалимова – “Қазгидромет” ШЖҚ РМК СҚОФ директоры:

– Кешегі күннен бері Сергеев қоймасындағы тіршілік көзінің деңгейі жоғарылауда. Бұл Ақмола облысынан келіп жатқан судың салдарынан орын алып отыр. Бүгінде нысан 113,5 пайызға толы, су ернеуінен 80 см-ге асқан. Соңғы уақытта ауа райының күрт салқындауы судың кету процесін бәсеңдетті. Алдағы 3 тәулік жауын-шашынсыз. Ал келесі аптада күн біртіндеп жылына бастайды. Сонымен бірге, кей аймақтарда нормаға сай жауын-шашын түседі.

Қазгидромет мамандары мен құтқарушылардың сөзінше, өткен жылғы тасқынмен салыстырар болсақ, биыл жағдай қалыпты және бақылауда. Былтыр Ақмола облысы мен өңірдегі өзен-көлдерден су бір мезетте келген болатын. Сөйтіп, Сергеев қоймасының деңгейі 1 метр 68 см-ге дейін көтерілген. Биылғы шек 35-ке аз. Ертеңдері жететін тасқынның екінші толқыны да критикалық нормадан аспайды деп отыр мамандар. Қауіп қазір шаһардағы Заречный кентіне төніп тұр. Былғары зауыты маңында орналасқан саяжай учаскелеріне де су кіре бастапты.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Петропавл гидроторабының көлемі 24 млн текше метр суға шақталған. Қазір нысандағы тіршілік көзі ернеуінен асып жатыр. Салдарынан саяжайлардың біртіндеп суға кету мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, халықаралық маңызы бар Челябі-Новосібір автожолының бір бөлігі су астында қалды. Автокөліктердің өтуіне уақытша шектеу қойылған.

Тасқынды болдырмаудың тек бір жолы бар – қосымша су қоймасын тұрғызу. Нысан алдағы уақытта Ақмола облысында салынуы мүмкін. Оның сыйымдылығы 1 млрд текше метрге шақталады. Жобаның жүзеге асуы 5 жылға дейін созылуы ықтимал.

Эльмира Садвокасова