МТРА жаңалықтары

№14 орта мектеп алдына Гагариннің мүсіні орнатылды

Тұңғыш ғарышкерге – мәңгілік құрмет! Бүгін Петропавлда Юрий Гагариннің бюсті ашылды. Ескерткіш Кеңес Одағы батырының есімімен аталған №14 мектептің алдында орналасқан.

1961 жылдың 12-ші ақпанында адамзат баласы алғаш рет ғарышқа ұшты. Бұл көзсіз ерлікті Юрий Гагарин жасады. Осылайша аспан әлемін зерттеудің жаңа кезеңі басталды. Міне, дәл осы жылы қаламызда №14-ші мектептің таспасы қиылды. Оған бірден Юрий Гагариннің есімі берілген екен. Ал бүгін білім ошағының алдында Кеңес Одағы батырының бюсті ашылып отыр. Салтанатты шараға экс-сенатор Анатолий Башмаков пен ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев қатысуда.

Талғат Мұсабаев, “Қазғарыш” ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы:

–  Мен үшін Солтүстік Қазақстанның жері киелі. Бұл жерде туылмасам да өз туған жерімдей көремін. Өйткені, мұнда сіздердің жерлестеріңіз, менің ұстаздарым Владимир Шаталов пен Александр Викторенколар өсті. Сол кісілер берген білімнің арқасында  91-ші жылдары борттық инженер ретінде алғаш рет 126 күнге ғарышқа ұшқанмын. Ол уақыт еліміз үшін қиын болса да, сапарымыз сәтті өтті.

Бюстің жасалу тарихы ерекше. Оны ресейлік шебер Михаил Сердюков Краснодар өлкесінде әзірлепті. Ол бұған дейін де ұшқыштар мен ғарышкерлердің ескертішін дайындап, көрші елдің бірнеше қаласына қойыпты. Ал осы жолғы туындысын Петропавлдағы 14-ші мектеп маңына орнатуды жөн санаған.

Анатолий Башмаков, ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты:

– Бүгінгі салтанатты шараға келген жандарға көп алғысымды білдіремін. Шыны керек ерекше кездесу өтіп жатыр. Жиынға Талғат Мұсабаев та қатысуда. Бұл кісі жайлы айтпай кетуге болмайды. Ол 3 мәрте ғарышқа ұшқан адам. Еліміздің батыры. Осындай жан менің туған жеріме келіп, теріскейліктермен жүздескеніне қуаныштымын.

Салтанатты іс-шараның соңында қонақтар мектеп оқушыларымен кездесіп, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Маржан Қасымбек