Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-ға жұмыс сапарымен Үкімет мүшелері келді

Бүгін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Үкімет мүшелері келді. Еліміздің вице-премьер-министрі Гүлшара Әбдіқалықова бастаған делегация алдымен теріскей жұртшылығымен жүздесті. Кездесу барысында министрлер кабинетінің мүшелері Н.Назарбаев бастау берген “Әлеуметтік қамқорлық” әлеуметтік шараларының шарапатын түсіндірді.

Саят Ермек – тілші:

– Жаңа әлеуметтік шараларды Н.Назарбаев “Нұр Отан” партиясының 18-ші съезінде жариялаған еді. Бұл шаралардың мәні неде? Біріншіден, олар әлеуметтік аз қамтылған жанұялардың тұрмыс жағдайын түзетіп, баспанамен қамтуға бағытталған, ал екіншіден, жәрдемақылардың мөлшерін арттырып, денсаулық сақатау мен білім беру салаларын жетілдіруді көздейді.

“Әлеуметтік қамқорлық” бағдарламасының егжей-тегжейін вице-премьер-министр Гүлшара Әбдіқалықова ханым бастаған үкіметтік топ өңірлерді аралап, түсіндіріп жүр. Себебі, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау әрбір қазақстандықтың құлағына жетуі тиіс.

Гүлшара Әбдіқалықова – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Қазіргі кезде 12 облыста болдық. Бұл – 13-ші облыс. Әрбір облыста осындай халықпен кездесу болып жатыр, сонымен қатар, қабылдаулар, түрлі тақырыптардағы кездесулер болды. Сонымен қатар, әлеуметтік объектілер мен құрылыс алаңдарына барып көрдік, осы бағытта істеліп жатқан жұмыстар бойынша.

2,3 трлн теңге. Әлеуметтік шараларды жүзеге асыру үшін ел қазынасынан осынша қаражат бөлінді. Қомақты ақша қайда жұмсалады? Алдымен жанұяға түсетін табысты молайтамыз дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев. Сондықтан, 1-ші маусымнан бастап бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін еңбеккерлердің жалақысы артады.

Бердібек Сапарбаев – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Білім, мәдениет, денсаулық, спорт сынды әлеуметтік салалардағы қызметкерлердің жалақысы орта есеппенен 15-30 пайызға өседі. Аудандық, қалалық, облыстық әкімшіліктерде тікелей халықпен жұмыс істейтін қызметкерлердің де жалақысы 25 процентке өседі. біздің болжамымыз бойынша осы шараменен ең кемінде 1 млн 100 мыңға жуық қазақстандық қамтылады. Оның 48 мыңы СҚО азаматтары.

Бердібек Сапарбаевтың сөзінше, бүгінде ел бойынша шамамен 110 мың жанұя көмекке мұқтаж. Мұндай аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек көлемі сәуірдің 1-інен бастап артты.

Бердібек Сапарбаев – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Мәселен, бұған дейін 4 баласы бар жалғызбасты, жұмыссыз ана мемлекеттен 63 740 теңге жәрдем алған болса, бүгінде қаржылай көмектің көлемі 103 мың 945 теңгені құрады. Өсім – 65 пайыз.

Бұдан бөлек, мүгедектерге және кембағал жанды күтіп отырған азаматтарға көрсетілетін қаржылай қолдау 10 мың теңгеге өсті. Аз қамтылған отбасыларға мемлекет 505 мың теңгеге дейін қайтарымсыз грант үлестіреміз, жеңілдікпен несие береміз деп отыр. Кәсіп ашып, жағдайларын түзетсін деп.

“Әлеуметтік қамқорлық”-тың тағы бір бағыты – білім беру саласын жетілдіру. Ең алдымен мектептердегі үш ауысымды оқу мәселесін шешеміз дейді Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова. Осы мақсатта алдағы 2 жылда ел бойынша 190 білім ошағы салынады. 3-уі өзіміздің Солтүстік Қазақстанда бой көтермек. Білім сапасын арттыру мақсатында 2019 бен 21-ші жылдар аралығында 144 мың қазақстандық мұғалім жаңартылған білім беру жүйесі бойынша біліктіліктерін арттырмақ. Үштілділікті ендіру бойынша да қыруар шаруа атқарамыз дейді министр.

Күләш Шәмшидинова – ҚР Білім және ғылым министрі:

– Барлық мектептер дайын болған жағдайда, балалардың тілдік деңгейі орта деңгейге жетіп, сол пәндерді ағылшын тілінде қабылдай алуға жеткен жағдайда және мұғалімдер дайын болған жағдайда біртіндеп көшетін боламыз. Қазіргі таңда Республика бойынша 153 мектепте ағылшын тілінде химия, физика, биология, информаттика пәндерін 10-11 сыныптарда оқыту мәселесі қарастырылып жатыр.

Жалақы артады деп жоғарыда айттық. Бұл өсім ақ халаттылар мен медбикелерді де қамтымақ. Жұртшылық алдында сөз алған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұл медициналық қызметтердің сапасы мен мамандыққа деген сұранысты арттырады деді. Себебі, жалақының аздығынан көбіне дәрігерлер мемлекеттік ауруханалар мен емханалардан жеке меншіктерге кетіп жатқан көрінеді. Нәтижесінде, ел бойынша кадр дефициті байқалады. Оны билік қалай шешпек?

Елжан Біртанов – ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Биылғы жылдан бастап еліміздің жоғарғы оқу орындарында грант бойынша оқып шыққан жас мамандарды кадр тапшылығы байқалатын өңірлерге жіберетін боламыз. Олар жіберілген елді мекендерде үш жыл бойы жұмыс істеулері керек болады. Отандық медицинаның сапасын арттыру үшін алдағы үш жылда барлық ауылдық мекемелерді тиісті құрылғылар және жабдықтармен қамту көзделген.

Сондай-ақ, екі жылдың ішінде мыңға жуық жаңа жедел жәрдем көлігі алынады деді Елжан Біртанов. Олар еліміздің барлық өңірлеріне үлестірілмек.

Бүгінде 28 мың отбасы ел бойынша жалдамалы пәтер кезегінде тұр екен. СҚО бойынша 342 отбасы қашан баспаналы боламыз деп күтіп отыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биылғы жылы біз кезекте тұрған жанұялардың 30 процентін жалдамалы пәтермен қамтуға әзірміз. Ал алдағы 2,5 жылда мәселе толығымен шешімін таппақ.

Бірақ, жалдамалы пәтер алу үшін жылдап кезек күтпей, қысқа уақытта баспаналы болам дейтіндер үшін де жағдай жасалмақ. Тұрмысы төмен, көпбалалы жанұялар жеңілдікпен ипотека рәсімдей алады.

Мархабат Жайымбетов – ҚР ИИДМ Құрылыс және ТҮКШ істері комитетінің төрағасы:

– 150 млрд теңге бөлінеді. Осылайша алдағы үш жылда аз қамтылған отбасыларға 18 мыңға жуық ипотекалық несие бере аламыз. 19 жылға. Ал жылдық пайыздық үстемақы небәрі 2 процентті құрайды. Несие шарттары тиімді. Мәселен, жанұя 8 млн теңгеге пәтер алған болса, алғашқы сегіз жылда ай сайын 42 мыңнан, қалған 11 жыл бойы 27 мыңнан төлей алады.

“Әлеуметтік қамқорлық” шараларының шарапаты осындай. Бұдан соң Үкімет өкілдері халықтың көкейін тескен сұрақтарға жауап берді. Әсіресе, көпбалалы аналар тарапынан сауалдар көп болды. Бірі алтын құрсақты аналар үшін бөлек пәтер кезегін жасауды сұрады, екіншілері балабақшаларда тегін тамақтандыру мүмкіндігі болса дейді. Вице-премьер мен министрлер теріскейліктердің бұйымтайларын бақылауға алып, шешімін табуға тырысамыз деді.

Саят Ермек